Жаңа Конституция Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде орнығуын одан әрі нығайтып, сот төрелігінің адам құқықтары мен заң үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлін айқындай түсті. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Ата Заңда сот билігінің тәуелсіздігіне, азаматтардың құқықтарын қорғауға және сот төрелігінің әділ жүзеге асуына ерекше мән берілген.
Конституцияға сәйкес, сот төрелігін тек сот жүзеге асырады. Сот билігі азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және заңда белгіленген өзге де сот ісін жүргізу нысандары арқылы іске асырылады. Бұл ретте арнаулы немесе төтенше соттар құруға жол берілмейді. Яғни әрбір азаматтың құқығы заңмен белгіленген бірыңғай әрі әділ сот жүйесі арқылы қорғалады.
Жаңа Конституцияда судьяның тәуелсіздігі басты қағидалардың бірі ретінде бекітілді. Судья сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тек Конституция мен заңға бағынады. Соттың қызметіне араласуға жол берілмейді және мұндай әрекет заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Бұл – сот шешімдерінің қандай да бір сыртқы ықпалсыз, заң талаптары мен нақты дәлелдерге сүйене отырып қабылдануына маңызды кепілдік.
Сонымен бірге сот төрелігін жүзеге асырудың негізгі қағидаттары да нақты көрсетілген. Әркімнің сотта өз пікірін білдіруге құқығы бар. Айыпталушы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес, ал адамның кінәсіне қатысты күмән оның пайдасына түсіндіріледі. Заңсыз жолмен алынған дәлелдемелердің заңдық күші жоқ. Бұл нормалар азаматтардың әділ сотқа деген конституциялық кепілдігін күшейтеді.
Адам құқықтарын қорғаудағы маңызды жаңалықтың бірі – сот пен Конституциялық Сот арасындағы құқықтық тетіктің нақтылануы. Егер сот қаралып жатқан іске қолданылуға тиіс заң немесе нормативтік құқықтық акт адамның Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын бұзады деп тапса, іс жүргізуді тоқтатып, Конституциялық Сотқа жүгінуге міндетті. Бұл механизм заңдардың Конституцияға сәйкестігін қамтамасыз етуге және азаматтардың негізгі құқықтарын қорғауға бағытталған.
Жоғарғы Сот азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және жергілікті әрі өзге соттардың қарауына жататын басқа да істер бойынша жоғары сот органы ретінде белгіленді. Ал Жоғарғы Сот судьяларын Құрылтай Президенттің ұсынысы және Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы негізінде сайлайды. Жергілікті және өзге соттардың судьяларын Президент Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы бойынша тағайындайды. Бұл сот кадрларын қалыптастырудағы кәсібилік пен жауапкершілікке қойылатын талаптарды айқындайды.
Жаңа Конституциядағы сот саласына қатысты өзгерістердің түпкі мақсаты – заң үстемдігін орнықтыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғау және әділ сот төрелігінің конституциялық кепілдіктерін күшейту.
Өйткені әділетті қоғамның негізі – заңның бәріне бірдей болуы. Ал заң үстемдік еткен жерде азаматтың құқығы қорғалып, мемлекет пен қоғам арасындағы сенім нығая түседі. Жаңа Конституция осы қағидаларды құқықтық мемлекетті дамытудың берік негізі ретінде бекітіп отыр.