Қазақстандық актер Рүстем Жанаманов пен жұбайы Жанаргүлдің тұңғыш ұлы Нұрмұхамметтің өмірден озғаны туралы қаралы хабар тарады. Бұл туралы продюсер Гүлнұр Мамасарипова әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
«Бала - бауыр еттен. Мұндайда жұбататын сөз табу да оңай емес. Бекем болыңдар, біз қастарыңдамыз», - деп жазды ол.
Нұрмұхамметтің есіміне қатысты ерекше оқиға бұған дейін де көпшілікке айтылған болатын. Осыдан екі жыл бұрын Рүстем Жанаманов пен Жанаргүл Анна Данченкоға берген сұхбатында баланың есімі Жанаргүлдің атасына аян арқылы берілгенін жеткізген. Айтуларынша, сәби дүниеге келгенде оған Нұрмұхаммет есімін қою жоспарланған. Алайда Рүстемнің анасы азан шақырып, баланың атын Дінасыл деп қойған.
Кейін Нұрмұхаммет үш жасқа келгенде сырқаттанып, ата-анасы астрологқа жүгінген. Сол кезде маман баланың қазіргі есімі өзіне сәйкес келмейтінін айтқан. Осыдан кейін отбасы оған Нұрмұхаммет есімін бергендерін сұхбат барысында бөліскен еді.
Қазіргі уақытта Нұрмұхамметтің нақты неден қайтыс болғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Марқұм Нұрмұхаммет Рүстемұлының жаназа намазы 2 маусым күні сағат 09:00-де Алматы облысы Қарасай ауданы Жамбыл ауылында өтеді. Ал жаназа асы сағат 11:00-де беріледі.
Қаралы хабарды естіген желі қолданушылары мен әріптестері отбасының қайғысына ортақтасып, көңіл айтуда. Марқұмның рухына Құран бағышталып, дұға жасауға шақырылды.