Танымал блогер Бота Миа Алматы Арена сахнасында өткен Mahabbat fest аясында өзінің жаңа әнін көпшілікке таныстырды. Әлеуметтік желі арқылы кең танылған инфлюенсер үшін бұл – шығармашылықтағы жаңа белес болды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Фестиваль барысында Бота Миа алғаш рет жаңа туындысын орындап, көрермен алдында ерекше атмосфера сыйлады. Жанды дауыс, сахналық образ және тың форматтағы өнер көрсетуі көптің назарын өзіне аударды. Әсіресе, жастар арасында блогердің бұл қадамы қызу талқыға түсті.
Алайда желідегі пікірлер екіге жарылды. Бір топ қолданушы блогердің батылдығын жоғары бағалап, жаңа қырынан танылғанына қуанышты екенін жазды. Олар Бота Миаға шығармашылық табыс тілеп, өнер жолында сәттілік серік болсын деген тілектерін білдірді.
Ал енді бір топ тыңдарман бұл қадамды сынға алып, «қазір бәрі әнші болып кеткен бе?» деген пікірлерін жасырмады. Кейбірі кәсіби сахна мен блогерлік қызметтің аражігін ажырату керек екенін алға тартты.
Қалай болғанда да, Бота Мианың жаңа әні қоғам назарынан тыс қалған жоқ. Бұл жағдай бүгінгі таңда әлеуметтік желі жұлдыздарының өнер әлеміне келуі – қалыпты үрдіске айналып бара жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.