Жақында Қырғызстанның Бішкек қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты аяқталған еді. Құрлық біріншілігінде грек-рим күресінің балуандары төрт медаль жеңіп алды, оның біреуі алтын. Азия чемпионы атанған Алматбек Аманбек жарыстан кейін Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, өз әсерімен бөлісті. Сондай-ақ алдағы жоспарлары жайлы айтып берді, деп хабарлайды baq-orda.kz Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетіне сілтеме жасап.
- Ересектер арасында алғаш рет Азия чемпионы атандыңыз. Бұл жеңіс сіз үшін нені білдіреді?
- Бұл - менің спорттық жолымдағы ең маңызды жетістіктерімнің бірі. Оның үстіне, осы салмақта алғаш рет сынға түстім. Сондықтан бұл жүлденің мен үшін орны ерекше. Бұл медаль - ұзақ уақыт бойы төккен маңдай тер мен табанды еңбегімнің лайықты жемісі деп ойлаймын.
- Финалда қандай сезімде болдыңыз? Жеңіске жеткен сәтті қалай сипаттайсыз?
- Бұл – ерекше сезім. Бар эмоциямды бозкілемде-ақ шығарып жібердім: қуандым, айқайладым, іштегі қысымнан арылғандай болдым. Бір сәтте иығымнан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалдым. Өйткені ел сенім артып, алтын күтіп, әнұранымыздың шырқалғанын қалаған еді. Сол сенімді ақтадым.
- Жеңіске жету жолында қандай қиындықтар болды?
- Жалпы бәрі ойдағыдай өтті, айтарлықтай қиындық болған жоқ. Жарысқа психологиялық тұрғыдан жақсы дайындалып бардық. Тек белдесулер кезінде кішігірім қиындықтар болды. Ағайлармен бірге әр қарсыласқа жеке-жеке тактика құрып, соған сай жұмыс істедік.
- Жалпы Азия чемпионатына қалай дайындалдыңыз? Жаттығу барысында өзгерістер болды ма?
- Азия чемпионатына дейін төрт бірдей оқу-жаттығу жиынынан өттік. Алдымен ел ішінде Қазақстан чемпионатына қатыстық. Одан кейін оқу-жаттығу жиынын жалғастырып, Хорватияға аттандық. Сол жақтағы дайындықтан соң елге оралып, Алматыда соңғы, төртінші кезеңді өткіздік. Жалпы, әр жарысқа барынша тыңғылықты дайындаламыз. Барлық жарыста бір мақсат, бір жоспар.
- Азия чемпионатында ең қиын қарсыласыңыз кім болды?
- Енді жарыс кезінде әрбір спортшыға бірінші айналым өте қиын болады. Алғашқы белдесуде өзіңді ашып, дене қыздырып, ырғаққа ену керек. Сол себепті бірінші кездесу әрдайым ауыр өтеді. Психологиялық тұрғыдан да бейімделіп, өз-өзіңе келу қажет болады. Финал да оңай болған жоқ. Бірақ қандай жағдай болса да, жоспардан таймау керек еді.
- Финалдағы тактикаңыз алдын ала жоспарланған ба? Әлде жағдайға қарай өзгерді ме?
- Бізде алдын ала құрылған тактика мүлде басқа болатын. Негізі қарсыласымның әлсіз және мықты тұсын білеміз. Соған қарсы жұмыс істеп, алты минут толық күресіп шығамыз деген ой болды. Бірақ құдайдың қалауымен қарсыласымның қателескен сәтін пайдаланып, мүмкіндікті жіберіп алмай, жеңіске жеттік.
- Өз өнеріңізге қандай баға бересіз?
- Жалпы бәрі жақсы өтті. Өзімді сенімді, күшті сезіндім. Қай қырымнан қарасам да, бабымның келіскенін аңғардым. Бұл жарысқа жақсы дайындықпен келген едім.
- Отбасыңыз бен жанкүйерлердің қолдауы қандай болды?
- Шынымды айтсам, отбасым күресті қатты қарай бермейді. Ата-ана болған соң уайымдайды ғой, сол себепті белдесулерді толық көруге жүректері дауаламайды. Дегенмен әрдайым дұғада болып, тақымдарын қысып отырады. Кейіннен видеолардың үзінділерін қарап шығады. Ал жарысқа келген көрерменнің қолдауы ерекше сезілді. Залда жанкүйер өте көп болды. Бәрі барынша қолдау білдіріп, жанкүйерлік етті.
- Келесі мақсатыңыз қандай? Қандай жоспар қойып отырсыз?
- Алда Қазақстанда оқу-жаттығу жиындары басталады. Одан кейін бірқатар турнирге қатысып, сол арқылы бабымызды шыңдаймыз. Негізгі дайындық әлем чемпионатына бағытталады.