Алматы облысының Балқаш ауданында адам өліміне әкелген жол апаты болды. Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сәйкес, 38 жастағы әйелді күйеуі басқарып отырған көлік қағып кеткен. Кей ақпараттарда ер адамның полиция қызметкері екені айтылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Алдын ала дерек бойынша, қайғылы оқиға 16 мамыр күні Қапшағай – Бақанас тасжолында болған. Кейбір мәліметтерде әйелдің қызметтік көлікпен қағылғаны жазылған.
Алматы облысы полиция департаменті оқиға салдарынан әйелдің қаза тапқанын растады. Ведомство мәліметінше, жәбірленуші алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. 37 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ іс облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынғаны хабарланды.
Ал күдіктінің полиция қызметкері екеніне қатысты ақпаратты ведомство әзірге нақтылаған жоқ.