Алматы қаласында Сайран көлі маңында көпшіліктің жүрегін елжіреткен шынайы оқиғаға негізделген ерекше арт-нысан орнатылып жатыр. Бұл жоба – адамдардың жанашырлығы мен өзара көмегін бейнелейтін символдық композиция ретінде қала тұрғындарының ерекше ықыласына ие болуда, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Қала әкімдігінің мәліметінше, арт-нысан Үлкен Алматы өзенінің Сайран көліне құятын бөлігінде орналасады. Жобаның ресми ашылуы 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күніне жоспарланған. Бастаманы қолға алған – ForteBank.
Композицияның негізінде әлеуметтік желіде кең тараған әсерлі оқиға жатыр. Сол күні серуендеп жүрген жастар суға түсіп кеткен итті байқап, бірден көмекке ұмтылады. Олар бір-бірінің қолынан ұстап, тізбек құрып, жануарды аман алып шығады. Бұл көрініс көпшіліктің көңілін толқытып, адамгершіліктің айқын көрінісі ретінде бағаланған еді.
Арт-нысанның авторы – қазақстандық белгілі суретші Ербосын Мельдибеков. Оның туындысы тек көркемдік шешім ғана емес, интерактивті элементімен де ерекшеленеді. Композициядағы соңғы адамның қолы қоршаудан сыртқа шығарылып жасалған. Бұл – қала тұрғындары мен қонақтарына «құтқару тізбегіне» символикалық түрде қосылуға мүмкіндік береді.
Алматылықтар бұл бастаманы жылы қабылдады. Көпшілік оны мейірімділік пен бірліктің белгісі ретінде бағалап, қала кеңістігін көркейтіп қана қоймай, адамдарға ой салатын жоба екенін атап өтуде. Әсіресе, жануарларға қатысты жағымды оқиғалардың көрініс табуы тұрғындарды қуантқан.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, сол сәттің әсері әлі күнге дейін ұмытылмаған. Қарапайым адамдардың батыл әрі жанашыр әрекеті көпшілікке үлгі болып, әлеуметтік желіде кеңінен қолдау тапқан.
Жалпы, мұндай арт-нысандар қала мәдениетінің дамуына ықпал етіп қана қоймай, қоғамдағы ізгі құндылықтарды насихаттауға қызмет етеді. Алматыдағы жаңа композиция – дәл сондай мәні терең, тәрбиелік маңызы зор жобалардың бірі болмақ.