Алматыда қаладағы ірі көшелердің бірі – Розыбакиев көшесін Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шахановтың атына өзгерту туралы бастама қызу талқыға түсті. Петиция жарияланып, қысқа уақыт ішінде оны 10 мыңға жуық адам қолдап үлгерген, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Алайда бұл ұсыныс қоғамда бірыңғай қолдау таппады. Әлеуметтік желіде тараған видеолар мен пікірлерде кейбір азаматтар бастамаға қарсы екенін ашық айтып жатыр. Олардың бірі Розыбакиевтің Қазақстан үшін еңбегі зор тұлға екенін алға тартып, көше атауын өзгертуді орынсыз шешім деп бағалады. Сонымен қатар ол Мұхтар Шахановқа қатысты да сыни пікір білдіріп, мұндай өзгеріс тарихи әділеттілікке сай келмейді деген уәж айтты.
Бұл пікір көпшілік арасында қызу реакция тудырды. Желі қолданушыларының басым бөлігі ақынды қолдап, оның қазақ руханияты мен қоғамындағы орны ерекше екенін алға тартуда. Олар Мұхтар Шахановтың есімі ел жадында сақталуға лайық екенін айтып, көше атауын өзгерту орынды деп санайды.
Осы жағдайға байланысты танымал заңгер Мейірман Шеккев Алматыдағы Розыбакиев көшесіне барып, тұрғындар арасында сауалнама жүргізді. Ол халықтың нақты көзқарасын білу үшін «Розыбакиев қазаққа еңбегі сіңген тұлға ма?» және «Көшені Мұхтар Шахановтың атына өзгертуге қалай қарайсыз?» деген сұрақтар қойған.
Сауалнама нәтижесі қоғам пікірі екіге жарылғанын көрсетті. Бірі тарихи атауларды сақтауды дұрыс десе, енді бірі ұлттық тұлғалардың есімін ұлықтау қажет екенін жеткізді.
Қалай болғанда да, бұл мәселе әзірге нақты шешімін тапқан жоқ. Қала тұрғындарының пікірі мен қоғамдық талқылаулар ескерілгеннен кейін ғана тиісті органдар соңғы шешім қабылдайды.