Алматы қаласында әл-Фараби даңғылында болған ауыр жол апаты қоғам назарынан түспей отыр. Үш бірдей адамның өмірін қиған қайғылы оқиғаға байланысты марқұмдардың туыстары әділ әрі ашық сот процесін талап етуде, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Қаза болғандардың бірі – небәрі 22 жастағы бойжеткен. Оның жақындарының айтуынша, ол белсенді, еңбекқор, өз кәсібін дөңгелетіп жүрген жас болған. Түркия мен Қытайдан тауар тасып, жеке кәсібін дамытқан.
Марқұмның құрбысы оның қайтыс болғанына ұзақ уақыт сенбегенін айтады. Себебі, қайғылы жағдайдан бір сағат бұрын ғана әлеуметтік желіде белсенді болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, көлікте үш адам болған: екі бойжеткен және жүргізуші. Куәгерлердің айтуынша, жол апатына себеп болған көлік жоғары жылдамдықпен қарсы бағытқа шығып кеткен. Кей деректерде оның жылдамдығы сағатына 200 шақырымнан асқан болуы мүмкін екені айтылады.
Қайтыс болған жүргізушінің туыстары да үн қатып, сот процесінің ашық өтуін талап етті. Олар бұл талапты қоғам алдында шындықты анық көрсету және жалған ақпараттың алдын алу үшін қойып отырғандарын жеткізді.
Іс бойынша күдікті жүргізуші қамауға алынған. Бұған дейін оның апат кезінде алкогольдік мас күйде болғаны хабарланғанымен, нақты сараптама нәтижелері әлі жарияланған жоқ. Мамандар оның мастық деңгейі жеңіл немесе одан жоғары болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Марқұмдардың туыстары күдіктіге тағылған айыпты ауырлатуды сұрауда. Алайда заңгерлер қолданыстағы заң аясында жаза қатаңдатылмауы мүмкін екенін айтады. Сонымен қатар, күдіктінің кінәсін мойындауы, отбасылық жағдайы және тергеумен ынтымақтастығы сияқты жайттар сотта жеңілдететін фактор ретінде қарастырылуы ықтимал.
Адвокаттардың айтуынша, іс бойынша бірқатар сараптамалар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде сот-медициналық және техникалық зерттеулер бар. Бұл процесс бірнеше аптаға, тіпті бір айдан астам уақытқа созылуы мүмкін.
Қазіргі таңда жәбірленуші тарап істің әділ қаралуын және соттың барынша ашық өтуін талап етіп отыр.