Алматы қаласында үш адамның өмірін қиған ауыр жол-көлік оқиғасынан кейін қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеріс басталды. Бұл туралы ведомство басшысы Айдын Қабдулдинов мәлімдеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Оның айтуынша, оқиғаға байланысты полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
- Полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Олардың әрекеті жан-жақты қаралып, нақты құқықтық бағасы беріледі. Егер кінәсі дәлелденсе, ең қатаң шаралар қабылданады, — деді ол тұрғындармен кездесу барысында.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жол апатына себеп болған Zeekr маркалы автокөлік көше жарысына қатысқан болуы мүмкін. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр.
Сондай-ақ бейресми дереккөздерде аталған іске полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Узабаев қатысы болуы мүмкін екені айтылуда.
Алайда құқық қорғау органдары бұл ақпаратқа қатысты әзірге ресми пікір білдірген жоқ.
Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.