Жаңа Конституцияның қабылдануы – еліміздің болашағына бағытталған маңызды тарихи қадам деп есептеймін. Конституция тек мемлекеттік басқару жүйесін айқындайтын құжат емес, ол әр азаматтың құқығы мен жауапкершілігін, қоғамдағы әділдік пен бірліктің негізін белгілейді. Биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Негізгі заң Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртып, Құрылтай секілді жаңа өкілді институттың қалыптасуына жол ашты. Алғашқы Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтеді.
Аналар кеңесінің мүшесі ретінде мен үшін ең маңыздысы – заңға құрмет пен ұрпақ тәрбиесі. Өйткені әділетті қоғам ең алдымен отбасында қалыптасады. Баласына адалдықты, жауапкершілікті және елге деген сүйіспеншілікті сіңірген ана – мемлекеттің тұрақты дамуына үлес қосатын үлкен күш. Сондықтан Құрылтайдың жұмысы да халықтың мүддесін қорғап, келешек ұрпаққа лайықты ел қалыптастыруға бағытталуы тиіс деп сенемін.
Ел ертеңі – әрқайсымыздың қолымызда. Заңға құрмет көрсетіп, қоғам өміріне белсенді қатысу арқылы ғана берекелі де бірлігі жарасқан Қазақстанды бірге құра аламыз.
Байболсынова Роза Жапарқызы,
Меркі аудандық аналар кеңесінің орынбасары