Белгілі журналист Аман Тасығанның әжесі дүниеден озды. Қаралы хабарды журналист өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді., деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ол әжесімен бірге түскен суретін жариялап, жүрек тебірентерлік жазба арнаған. Аман Тасығанның айтуынша, өткен жылы ғана ортамызда жүрген асыл әжесі бүгінде бақилық болған.
«Мынау апамның былтырғы бейнесі. Бір жыл бұрын тып-тың арамызда жүрген еді. Осы сөйлемді өткен шақта жазып отырмын. Себебі, кемеңгерім, ақылшым, тектім бүгін біздің жанымызда жоқ», – деп жазды журналист.
Ол өзінің журналист болып қалыптасуына әжесінің тәрбиесі мен тәлімі зор әсер еткенін атап өтті. Сондай-ақ жақындарының көңіл айтып, қолдау көрсетіп жатқанына алғыс білдірген.
Алайда журналист әжесіне деген сағынышы мен өкінішін жасыра алмады.
«90 жасқа келді. Апаның арманы жоқ. Балаларының алдында кетті. Дәл осындай жұбатуды көп адам айтты. Апамның арманы жоқ шығар, бірақ менің апама қатысты арманым көп еді», – дейді ол.
Жазба соңында Аман Тасыған әжесіне деген сағынышын жеткізіп, оның орнының ешқашан толмайтынын айтты.
«Апау, жатқан жеріңіз жайлы болсын. Сізді Алла өз қамқорлығына алсыншы. Осы сөздерді жылап жазып отырмын, ана! Мен сізді қимаймын. Енді менің басымнан кім сипайды. Енді кімге еркелеймін, апа», – деп жазды журналист.
Желі қолданушылары мен әріптестері Аман Тасығанға көңіл айтып, әжесінің иманды болуын тіледі.