Ақтауда «Хан Тамада» лақап атымен танымал асаба Қасым Өтешев 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
. Бұл туралы Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының қаулысында айтылған.
Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 13 мамырда полиция Қасым Өтешевке қатысты 30 тәулік мерзімге қорғау нұсқамасын шығарған. Аталған нұсқамаға сәйкес, оған азаматтық некедегі жұбайының еркінен тыс кездесуге ұмтылуға, хабарласуға, тұрғылықты жеріне баруға және өзге де байланыс орнатуға тыйым салынған.
Алайда 21 мамыр күні Ақтаудағы 15-шағынауданда орналасқан пәтерде ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындаған. Жәбірленушінің айтуынша, азаматтық жұбайы оны құрбысының көзінше балағат сөздермен қорлаған.
Сот отырысында куәгер әйел жәбірленушінің айтқанын растаған. Ал Қасым Өтешев өзіне тағылған айыпты мойындамай, жанжалды бірге тұратын серіктесі бастағанын және өзі ешқандай заңға қайшы әрекет жасамағанын мәлімдеген.
Соған қарамастан сот құқық бұзушылық фактісі әкімшілік хаттамамен, жәбірленушінің арызымен және куәгердің түсініктемесімен толық дәлелденді деген қорытындыға келді.
Нәтижесінде Қасым Өтешевке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 461-бабы 1-бөлігі бойынша 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Қамау мерзімі 22 мамырдан бастап есептеледі, ал 21 мамыр кешінен бері ұсталған уақыты жалпы мерзімге қосылған.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым Өтешев пен жұбайының қатысуымен түсірілген жеке видео әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда қызу талқыланған болатын. Ерлі-зайыптылар видеоның жабық түрде сақталғанын және оның үшінші тұлғалардың әрекетінен жария болып кеткенін мәлімдеген еді.