Ақтау қаласында “Жасыл ел” бағдарламасына құжат тапсыру кезінде үлкен кезек жиналып, ғимарат ішінде кептеліс болған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Оқиға 18 мамыр күні таңертең Жастар үйінде тіркелген. Куәгерлердің айтуынша, алғашында бір кезек тізімі жасалған. Кейін тағы бір бөлек тізім пайда болып, соның салдарынан адамдар арасында түсініспеушілік туған.
Құжат қабылдау басталған сәтте ғимарат алдына көп адам жиналып, іште қарбалас күшейген. Сол кезде бір әйелдің есінен танып қалғаны хабарланды. Оған сол жерде медициналық көмек көрсетілген.
Қала әкімдігі жастар орталығы маңына 100-ден астам адамның жиналғанын растады.
Желі қолданушылары бұл жағдайға қатысты түрлі пікір білдіруде. Көпшілік жастардың жұмысқа деген сұранысы жоғары екенін айтып, құжат қабылдау процесін онлайн форматта ұйымдастыру қажеттігін көтерді.