Ақтөбе қаласында әнші Омар Амантаев сот шешімі бойынша қоғамдық жұмысқа тартылып, көшелерді тазалау жұмыстарын атқарып жүр. Бұл туралы қала әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ресми деректерге сүйенсек, сот қаулысы алдымен аудан әкімдігіне жолданып, кейін тазалыққа жауапты мердігер ұйымға бекітілген. Қазіргі таңда әнші сол ұйымның бақылауымен белгіленген міндеттерді орындап жатыр.
Компания өкілдерінің айтуынша, Омар Амантаев қоғамдық жұмысқа Наурыз мерекесінен кейін кіріскен. Оған жалпы 100 сағат көлемінде міндет жүктелген. Бұл уақыт аралығында ол қала көшелерін тазалау, аялдамаларды ретке келтіру және жаяу жүргіншілер аймақтарын күтіп ұстау сияқты жұмыстармен айналысуда.
Айта кетейік, бұған дейін әнші есірткі әсерінде көлік жүргізді деген күдікпен ұсталған болатын. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылған. Сонымен қатар заңсыз есірткі қолдану дерегі бойынша қозғалған іс барысында ол өз кінәсін толық мойындаған.
Қазіргі таңда сот белгілеген жаза аясында қоғамдық жұмыстарын өтеп жатқан әншінің жағдайы қоғамда қызу талқылануда. Кейбірі бұл жазаны әділ деп санаса, енді бірі өнер иесінің мұндай жағдайға тап болғанына өкініш білдіруде.