Контентке өту

Асқар Жұмабекке қатысты жанжал: актерге «cancel» толқыны басталды

Асқар Жұмабекке қатысты жанжал: актерге «cancel» толқыны басталды
ашық дерек

Қазақстандық актер Асқар Жұмабек әлеуметтік желілерде тараған даулы оқиғадан кейін сынның астында қалды. Соңғы күндері оған қатысты «cancel culture» көрінісі байқалып, бірқатар серіктестері ынтымақтастықты тоқтата бастаған, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Жанжал модель Айнұр Нарзиева жариялаған видеодан кейін өрбіді. Оның айтуынша, түсірілім барысында актер өзін агрессивті ұстап, арада кикілжің туындаған. Модельдің сөзінше, Жұмабек таңертең өзін оятуын сұраған, алайда қоңырау шалған кезде ашуға бой алдырған.

Оқиға барысында актердің айқайлап, балағат сөздер айтқаны айтылды.
“Қорқынышты болды… Егер видеограф әріптесім болмағанда, ол мені ұрып жіберер еді”, – дейді Айнұр Нарзиева.

Аталған жайтқа байланысты Алматы қаласының полициясы тексеріс жүргізіп, актердің әрекетін агрессивті деп бағалаған. Нәтижесінде ол құқық қорғау органдарына жеткізіліп, ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен Асқар Жұмабек 10 тәулікке қамауға алынған.

Актер өз кезегінде болған жанжалды ішінара мойындап, кешірім сұраған. Дегенмен ол да жағдайға қатысты өз ұстанымын білдірді.

“Жанжал болғаны рас, балағаттағаным да рас. Бірақ мені өзімді балағаттағанда үндемей тұра алмаймын. Мен де адаммын”, – деді ол.

Бұл оқиға қоғамда түрлі пікір туғызды. Кейбір қолданушылар актердің әрекетін сынға алса, енді бірі жағдайдың толық мән-жайы анықталуы керек екенін алға тартуда.

Айта кету керек, бұл актердің атына байланысты алғашқы жанжал емес. Бұған дейін, 2023 жылы ол төбелеске қатысты іс бойынша сотталған. Кейін Жоғарғы сот жазаның өтелмеген бөлігін айыппұлмен алмастырған.

Соңғы жағдайдан кейін бірқатар брендтер мен серіктестер актермен жұмысын тоқтата бастады. Мәселен, ерлер киімін сататын дүкендердің бірі Жұмабекті амбассадорлар қатарынан алып тастайтынын мәлімдеді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай қоғамда жеке жауапкершілік пен қоғамдық имидждің маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Қазіргі таңда актерге қатысты қоғамдық реакция жалғасып, оның шығармашылық жолына әсер етуі мүмкін деген болжамдар айтылуда.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты