Атырау қаласында Жангелдин ауылындағы бір отбасының қазасына қатысты резонанстық қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев кінәсін мойындап, қазір тергеу изоляторында сот процесін күтіп отыр, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Тергеу мәліметінше, айыпталушы төрт адамды өлтіргенін мойындаған. Оған Қылмыстық кодекстің «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру» бабы бойынша айып тағылған.
Сонымен қатар іс барысында ұрлық және алаяқтық баптары бойынша да қосымша қылмыстық істер тіркелген. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті марқұмдардың малын сатып, олардың банк карталарындағы қаражатты иемденген.
Дереккөз мәліметінше, барлық тергеу әрекеттері аяқталған. Қылмыстық іс толық дайындалып, жақын күндері сотқа жолданбақ. Сот процесі осы айда басталуы мүмкін.
Бұған дейін прокуратура Сұлтан Сәрсемәлиев психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша толық есі дұрыс деп танылғанын хабарлаған. Бұл оның заң алдында толық жауап беретінін білдіреді. Тағылған айыптар дәлелденсе, күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Оқиға былтыр желтоқсанда белгілі болған. Туыстары 66 жастағы Мақсот Қарабалин, 64 жастағы Насипа Өтешқалиева және олардың екі баласының ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпағанын айтып, полицияға жүгінген.
Іздеу жұмыстары барысында мәйіттер әртүрлі жерлерге көмілген күйде табылған. Кейін қылмыс жасады деген күдікпен отбасының бұрынғы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев халықаралық іздеуге жарияланды.
Күдікті Индонезия аумағында ұсталып, кейін Қазақстанға депортацияланған. Тергеу барысында оның жауабынан кейін жоғалған тағы екі адамның мәйіті табылғаны хабарланды.