Контентке өту

Атыраудағы қылмыс: Қарабалиндер ісінде жаңа айыптар мен тың деректер белгілі болды

Атыраудағы қылмыс: Қарабалиндер ісінде жаңа айыптар мен тың деректер белгілі болды

Атырау облысында Жангелдин ауылында орын алған Қарабалиндер отбасының қазасына қатысты қылмыстық іс жаңа мән-жайлармен толықты. Облыстық прокуратура таратқан мәліметке сәйкес, негізгі күдікті – марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевке тағылған айыптар кеңейтіліп, іс аясында қосымша баптар енгізілген., деп хабарлайды baq-orda.kz.

Қазіргі таңда тергеу жұмыстарын Атырау облыстық полиция департаменті жүргізіп жатыр. Бастапқыда іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша, яғни екі немесе одан да көп адамды өлтіру фактісімен тіркелген. Кейін тергеу барысында қосымша эпизодтар анықталып, істің ауқымы кеңейе түсті.

Прокуратураның мәліметінше, жәбірленушілердің мал-мүлкін заңсыз иемдену деректері бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы («Ұрлық») және 190-бабы («Алаяқтық») негізінде бөлек істер қозғалған. Осылайша, қылмыстық істе алаяқтыққа қатысты үшінші эпизод пайда болған. Оның нақты мазмұны әзірге жария етілмей отыр.

Сонымен қатар, іс аясында тағы бір тұлға – күдіктінің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты да тергеу амалдары жүргізілуде. 10 наурыз күні сот шешімімен ол сот-психологиялық және психиатриялық сараптамадан өту үшін арнайы медициналық мекемеге жіберілген. Қазіргі уақытта оның әрекеттеріне құқықтық баға берілмеген және бұлтартпау шарасы қолданылмаған. Егер психикалық ауытқу белгілері анықталса, Алматыдағы Сот сараптамалары институтында кешенді стационарлық сараптама жүргізу мәселесі қаралады.

Қадағалау органы барлық қажетті сараптамалар аяқталғаннан кейін ғана күдіктілердің әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға берілетінін атап өтті. Тергеу мерзімі де сараптамалар мен тергеу әрекеттерінің көлеміне байланысты болмақ.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 6 қаңтарында тергеу барысында шаруашылық нысанының астынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері табылған болатын. Осыдан кейін іс кісі өлтіру бабы бойынша қайта сараланып, жоғалған өзге адамдарды іздеу жалғасты. Күдікті ретінде 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевке халықаралық іздеу жарияланып, ол Индонезия аумағында ұсталып, елге жеткізілді. Тергеу барысында ол кінәсін мойындап, берген жауабы негізінде тағы екі адамның – Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттері табылды.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты