Инфрақұрылым дамуы – экономикалық өсімнің берік негізі
Еліміз үшін көлік және логистика саласын өркендетудің стратегиялық маңызы зор. Өйткені мемлекеттің экономикалық қуаты транзиттік мүмкіндіктердің тиімді пайдаланылуына және инфрақұрылымның сапасына тікелей тәуелді. Осыны ескерген мемлекет соңғы жылдары Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін күшейтуге ерекше назар аударып келеді. Нәтижесінде транзиттік тасымал көлемі артып, жол, теміржол және әуе инфрақұрылымы жүйелі түрде жаңғыртылуда.
Бұл үдеріс Әулиеата өңірінде де қарқын алған. Қазіргі таңда облыстың халықаралық деңгейдегі логистикалық орталыққа айналуына негіз қаланып жатыр. Заманауи хаб – бұл әуе, теміржол және автокөлік арқылы жеткізілген жүктерді қабылдап, сақтап, сұрыптап, әрі қарай жөнелтуді бір орталықтан үйлестіретін кешенді жүйе. Мұндай инфрақұрылымның қалыптасуы өңір экономикасына тың серпін береді.
Облыста осы бағыттағы жұмыстар бірнеше жылдан бері кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Өңірдегі көлік қатынасын жетілдіру, транзиттік әлеуетті арттыру және логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту бағытында атқарылып жатқан істер туралы облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов кеңінен баяндап берді.
Оның айтуынша, көлік-логистика кешенін дамыту Жамбыл облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының басым бағыттарының бірі ретінде белгіленген. Бұл бағыт аясында халықаралық көлік дәліздерімен ықпалдастықты күшейту, жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту, сондай-ақ көлік қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
– Негізгі мақсаттардың қатарында жүк тасымалы көлемін ұлғайту, транзиттік тасымал үлесін арттыру, автомобиль жолдарының сапасын жақсарту және көлік инфрақұрылымына инвестиция тарту бар. Бұл міндеттер еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға бағытталған ұлттық саясатпен толық үндеседі. Облыстың транзиттік мүмкіндігін арттыру үшін бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, «Алматы – Астана» және «Меркі – Шу – Бурылбайтал» автожолдарын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен бірге «Шу – Қайнар» автомобиль жолы мен ескі Күйік асуындағы айналма жол күрделі жөндеуден өтуде.
Тараз қаласында өткен жылы Абай даңғылы бойындағы жол өтпесі мен теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы басталды. Бұдан бөлек Асқаров, Рысбек батыр, Қойгелді көшелері қайта жаңғыртылып, «Бурыл – А», «Бурыл – Б», «Бурыл – В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында асфальт төсеу жұмыстары аяқталды.
2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында облыс бойынша 9 524 мың тонна жүк тасымалданды. Оның 5 456 мың тоннасы теміржол арқылы жеткізіліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1 пайызға өсті. Автомобиль көлігімен 3 197 мың тонна жүк тасымалданып, бұл көрсеткіш 15 есеге артты. Әуе көлігімен 0,03 мың тонна, ал құбыр арқылы 870 мың тонна жүк жеткізілді. Жалпы алғанда, өткен жылдың алғашқы үш айымен салыстырғанда жүк тасымалы 52 пайызға, жолаушылар тасымалы 44,2 пайызға көбейді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 21 сәуірдегі №301 қаулысына сәйкес Қордай ауданында «Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешені арнайы экономикалық аймағы құрылды. Жобаны іске асыру үшін ауданы 165 гектар жер учаскесі белгіленді. Арнайы экономикалық аймақты электрмен қамту мақсатында «Қордай 220 кВ» қосалқы стансасының құрылысына 2026 жылға 4,2 миллиард теңге бөлінді.
Сонымен қатар Тараз қаласында «TRZ AGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сыйымдылығы 12 000 тонна болатын, құны 2 миллиард теңге тұратын көкөніс сақтау қоймасын салып жатыр. Жоба 2026 жылы аяқталады. Бұдан бөлек, тәулігіне 22 тоннаға дейін жүк өңдей алатын «Тараз» көтерме-тарату орталығы және Байзақ ауданындағы «Жамбыл» көтерме-тарату орталығы жұмыс істеп тұр. Қордай ауданындағы «Алатау» ИСЛК АЭА аумағында «БЦ Эталон» серіктестігі арқылы ауданы 150 мың шаршы метр болатын логистикалық қоймалар салу жоспарлануда, – деді Мұрат Құттыбайұлы.
Агро-логистикалық жүйе қалыптасып келеді
Әлемдік логистика талаптарына сәйкес көлік пен қоймалау жүйесінің маңызы артып отыр. Өңірде іске қосылған заманауи көкөніс сақтау кешендері алдағы уақытта толыққанды агро-логистикалық орталықтарға айналып, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, сұрыптау және нарыққа жөнелту қызметін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Мұрат Саурықовтың айтуынша, шаруашылықтар мен кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі қоймалар да облыстың логистикалық әлеуетін күшейтіп отыр.
– Қазіргі уақытта облыста жалпы сыйымдылығы 374,4 мың тонна болатын 123 қойма жұмыс істейді. Оның ішінде 112,2 мың тонна өнім сақтай алатын 23 қойма арнайы климаттық бақылау жүйелерімен жабдықталған. Бұл өнім сапасын ұзақ уақыт бойы сақтауға мүмкіндік береді.
2024 жылы жалпы сыйымдылығы 33,6 мың тонна болатын 3 ірі көкөніс қоймасы пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Қордай ауданындағы «Азия сад» серіктестігі 5,6 мың тонналық, Жамбыл ауданындағы «Қуаныш» шаруа қожалығы 3 мың тонналық, Шу ауданындағы «Матышев» жеке кәсіпкерлігі 25 мың тонналық қойманы іске қосты.
Биыл Қордайдағы «Раби» қожалығы 6 мың тонналық, ал Шу ауданындағы «Давришева Насиба» кәсіпкерлігі 2,6 мың тонналық қоймасын пайдалануға берді.
2024 жылы жалпы құны 4,7 миллиард теңге болатын, сыйымдылығы 53 мың тоннаға жететін 6 жоба мақұлданып, олардың іске асуына 2,4 миллиард теңге несиелік қолдау көрсетілді.
Қазіргі таңда Байзақ ауданындағы «Аймкуль» (15 мың тонна), Жамбыл ауданындағы «Кәусар» (2 мың тонна) мен «Aliza» (7 мың тонна) серіктестіктері, сондай-ақ Тараз қаласындағы «Мақпал» шаруа қожалығының (3,2 мың тонна) қоймалары толық қуатында жұмыс істеп тұр.
2025 жылға жоспарланған 4 ірі нысанды жүзеге асыру үшін 883 миллион теңге көлемінде несие бөлінді. Бұл қаражат «Даму Сурат» кооперативіне (100 миллион теңге), «БАМ Холдинг» серіктестігіне (200 миллион теңге), «Кәусар» (300 миллион теңге) және «Шу-Агро» шаруа қожалығына (283 миллион теңге) бағытталды, – деді басқарма басшысы.
Теміржол инфрақұрылымы жаңғыруда
Халықаралық саудада жүкті уақытылы әрі қауіпсіз жеткізу – басты талаптардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, облыстың теміржол инфрақұрылымы мен жүк стансаларының өткізу мүмкіндігі маңызды рөл атқарады.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Жамбыл магистральдық желі бөлімшесіне қарасты теміржолдардың кеңейтілген ұзындығы 2162,3 шақырымды, ал пайдалану ұзындығы 1236,3 шақырымды құрайды. Оның 205,1 шақырымы дара жолды, 1031,2 шақырымы қос жолды желілер. Бөлімше құрамына 60 станса кіреді.
– 2029 жылға дейінгі жылдамдықты арттыру жөніндегі жол картасы аясында 8 стансада инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіледі. 2025-2026 жылдары Шу стансасында 4 жол қалпына келтіріліп, №226 бекеттері ашылады. Шығанақ стансасында №21, 23, 25 жолдары пайдалануға беріледі. Тараз стансасында локомотивтер жаңартылып, Бірлік-2 қалпына келтіріледі, Түрксіб стансасында №8, 10, 12 жолдары іске қосылады.
2026-2027 жылдары Шу стансасының сұрыптау жүйесі жаңғыртылып, Тараз стансасы техникалық қызмет көрсету пункті кешенімен жабдықталады. Түрксіб стансасында 1-съездің құрылысы жүргізіледі.
2027-2029 жылдары Шайқорық стансасында 3 жол қалпына келтіріліп, Шу-Мойынты және Шу-Арыс-1 учаскелерінде қабылдау-жөнелту жолдары ұзартылып, УБТ стансасында айналма жол қалпына келтіріледі. Тараз стансасында №19А жол мен съезд қайта жасалып, Бурыл стансасында Талас бағытына «қапсырма» салынады.
Цифрландыру бағытында шарттық және коммерциялық жұмысты басқаруды автоматтандыру жүйесі, автоматтандырылған энергодиспетчерлік басқару жүйесі, «ГИД Урал» және «сандық жақтау» жобалары енгізілуде, – деді Мұрат Саурықов.
Жергілікті жолдардың сапасы жоғары деңгейге жетті
Автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары нәтижесінде облыстағы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың жағдайы айтарлықтай жақсарды.
– Жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 10 062 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1187,2 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар – 1668,45 шақырым, аудандық жолдар – 1474,05 шақырым, ал елді мекен көшелері – 5 732 шақырым.
2025 жылы жол саласына бөлінген 30,3 миллиард теңге есебінен 474,2 шақырым жол құрылыс, қайта жаңғырту және орта жөндеумен қамтылды. Соның ішінде 19,4 шақырым көше жолдары мен 5 көпір салынды, 8,5 шақырым жол қайта жаңғыртылды, 446,3 шақырым жол орта жөндеуден өтті.
Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 99,5 пайызға жетті.
2026 жылы жол саласына 21,1 миллиард теңге бөлінді. Оның 15 миллиард теңгесі облыстық, 6,08 миллиард теңгесі аудандық бюджеттен қарастырылған. Осы қаражат есебінен 1 көпір мен 2 теміржол өткелі салынып, 6,17 шақырым көшелер қайта жаңғыртылады. Сонымен бірге 153,1 шақырым автожол орта жөндеуден өтеді. Жергілікті жолдарды күтіп ұстауға және ағымдағы жөндеуге 3,2 миллиард теңге бағытталады, – деді басқарма басшысы.
Қоғамдық көлік жүйесі жаңарып келеді
Бүгінде облыста 163 автобус маршруты жұмыс істейді. Оның 13-і облысаралық, 27-сі ауданаралық, 72-сі ауданішілік және ауылішілік, 46-сы қалалық, 5-еуі қала маңына арналған. Бұл бағыттарда 41 тасымалдаушы мекеме 894 автобус арқылы қызмет көрсетеді.
Облыста 1 автобекет, 4 автостанса және 5 жолаушыларға қызмет көрсету пункті бар. Халық саны 100 адамнан асатын 343 елді мекеннің 195-і қоғамдық көлікпен қамтылған. Бұл – 56,8 пайыз.
2026 жылы Тараз қаласы және 9 аудан әкімдігінің бастамасымен 76 елді мекенді қамтитын 20 жаңа маршрут ашу жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде қоғамдық көлікпен қамтылған елді мекендер саны 271-ге жетіп, қамту деңгейі 79 пайызға дейін өседі.
– 2023 жылдан бері автопарктерге 329 жаңа автобус жеткізілді. Оның ішінде 2023 жылы 73, 2024 жылы 155, былтыр 81, биыл 10 автобус сатып алынды. 2026 жылы қалалық автопарктер үшін тағы 50 жаңа автобус алу жоспарланып отыр.
1 қаңтардан бастап Шу – Отар теміржол бағыты бойынша ескі вагондардың орнына заманауи электр пойызы қатынай бастады. Сонымен қатар Шу – Тараз коммерциялық теміржол маршруты пилоттық режимде жұмыс істеуде.
Тараз қаласында 2020 жылдың 28 қыркүйегінен бастап «TulparCard» электрондық билеттендіру жүйесі енгізілді. Бұл жүйе «Тараз – Шығанақ» ауданаралық маршрутына да пилоттық негізде қолданылуда. Шу ауданында барлық бағыттарға GPS құрылғылары орнатылып, тұрғындар автобустардың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылай алады, – деді Мұрат Құттыбайұлы.
Логистикалық мүмкіндіктер кеңейіп келеді
Көлік инфрақұрылымын жаңғырту, қоймалау жүйесін дамыту, теміржол мен автомобиль жолдарын жақсарту, қоғамдық көлік сапасын арттыру – мұның бәрі өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтуге бағытталған.
Әсіресе «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің тиімді пайдаланылуы, «Алатау» арнайы экономикалық аймағының құрылуы және логистикалық орталықтардың көбеюі Жамбыл облысының еліміздегі ірі көлік-логистика орталықтарының біріне айналуына берік негіз қалап отыр.