Жамбыл облысында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй қорын жөндеу, елді мекендерді газдандыру және көше жарығын орнату бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл бастамалардың барлығы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, қалалар мен ауылдардың инженерлік әлеуетін нығайтуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған.
Көше жарығы көбейіп, елді мекендер ажарлана түсті
Қазіргі таңда облыс аумағында 2501 көше жолдары жарықтандырылып, 62 802 жарық шамы орнатылған. Оның ішінде 50 948-і энергия үнемдейтін заманауи диодты шамдар болса, 11 854-і натрийлі ЖКУ шамдары.
Бұл жұмыстардың нәтижесінде елді мекендердің түнгі көрінісі жақсарып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігі де айтарлықтай артты. Әсіресе мектептер, ауруханалар, балабақшалар мен тұрғын үй аумақтарының жарықтандырылуы халыққа қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Табиғи газбен қамту деңгейі 91,8 пайызға жетті
Өңірді экологиялық таза отын – табиғи газбен қамтамасыз ету ісі де қарқынды жүргізілуде. 2024 жылы жалпы құны 10,5 миллиард теңгені құрайтын 12 жоба іске асырылып, 3 елді мекен көгілдір отынға қосылды. Соның нәтижесінде облыстың газбен қамту деңгейі халық санына шаққанда 91,3 пайызға жетті.
Ал 2025 жылы жалпы құны 20,5 миллиард теңге болатын 14 жоба жүзеге асырылып, жыл қорытындысында 10 елді мекенде газдандыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде табиғи газбен қамту көрсеткіші 91,8 пайызға дейін артты.
Биыл бұл бағыттағы жұмыстар Шу, Мойынқұм және Сарысу аудандарында жалғасып жатыр.
Қазандықтар табиғи газға ауыстырылуда
Әлеуметтік нысандарды экологиялық отынға көшіру де кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Алдыңғы жылы 144,4 миллион теңгеге 6 жылыту қазандығы табиғи газға ауыстырылса, былтыр 606,5 миллион теңгеге тағы 8 қазандық жаңғыртылды.
Бұл бастама отын шығынын азайтып, ауа сапасын жақсартуға және жылу жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беруде.
Жылу желілері жаңартылып, тозу деңгейі төмендеуде
Облыстағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 350,7 шақырымды құрайды. Алдыңғы жылы 16,5 миллиард теңгеге 16 жоба іске асырылып, 9,6 шақырым жылу желісі ауыстырылды. Соның нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 54 пайыз болды.
Өткен жылы 3,3 миллиард теңгеге 5 жоба жүзеге асырылып, бұл көрсеткіш 53 пайызға дейін төмендеді. Жылу инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары биыл да жалғасып жатыр.
657 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті
Тараз, Қаратау, Жаңатас және Шу қалаларында барлығы 1855 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 620-сы қанағаттанарлық жағдайда болса, 657-сі жөндеуден өткен, ал 578-і әлі де күрделі жөндеуді қажет етеді.
2011-2024 жылдар аралығында жалпы 23,8 миллиард теңгеге 657 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілді.
Өткен жылы республикалық бюджеттен бөлінген 5,9 миллиард теңгеге 81 тұрғын үй жаңартылды. Оның ішінде:
- Тараз қаласында – 53 үй,
- Жаңатас қаласында – 12 үй,
- Шу қаласында – 12 үй,
- Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында – 4 үй.
Жөндеу барысында 92 380 шаршы метр шатыр ауыстырылып, 3 273 шаршы метр подъезд терезелері жаңартылды. Сондай-ақ 36 215 метр жертөледегі жылу құбырлары ауыстырылып, оқшауланды.
Биыл 87 тұрғын үйді жөндеуге 8,3 миллиард теңге сұралды
2026 жылы 87 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 8,3 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім берілді.
Жоспар бойынша:
- Тараз қаласында – 73 үй,
- Қаратау қаласында – 9 үй,
- Жаңатас қаласында – 5 үй жөнделеді.
2027 жылға қарай күрделі жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлердің үлесін 21 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр.
Тараздың даму картасы: 2030 жылға дейінгі ауқымды жоспар
Тараз қаласының 2026-2030 жылдарға арналған даму картасы аясында шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ірі жобалар қолға алынуда.
Қала әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Дархан Шершатовтың айтуынша, 2030 жылға дейін өнеркәсіп өнімінің көлемін 986,8 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған.
Осы мақсатқа жету үшін:
- 2026 жылы – 10 жоба,
- 2027 жылы – 11 жоба,
- 2028 жылы – 5 жоба,
- 2029 жылы – 3 жоба,
- 2030 жылы – 1 жоба іске асырылады.
Бұл бастамалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және қала экономикасының тұрақты дамуына жол ашады.
Қала көшелері кеңейіп, қозғалыс реттелуде
Тараз қаласында Рысбек батыр көшесін кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Осыған байланысты жол жиегінде заңсыз орналасқан дүңгіршектерді алу шаралары қолға алынған.
Бұл шешім көлік қозғалысын реттеп, кептелісті азайтуға және жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қолбасшы Қойгелді мен Рысбек батыр көшелерінде жол құрылысы қызу жүруде. Көшелердегі шұңқырлар жөнделіп, жол сапасы жақсара түсті. Қалада көшелер мен аулаларды абаттандыру жұмыстары да үздіксіз жалғасуда.
Таразда көше жарығы мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде
Қала тұрғындарын алаңдататын негізгі мәселелердің бірі – көше жарығы. Осы бағытта соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылды.
2023-2024 жылдары 164 көшеге, ал 2025 жылы 65 көшеге жарық шамдары орнатылды. Сонымен қатар «Ұлы дала» шағын ауданындағы 22 көше мен 23 аула жарықтандырылды.
Биыл 20 көшедегі жұмыстар толық аяқталады. Сондай-ақ қала құрамына енген елді мекендердегі мектеп, аурухана және балабақшаға апаратын 43 көшеге жарық шамдары орнату басталып кеткен. Жобаны шілде айында аяқтау жоспарланып отыр.
2023-2025 жылдары Тараздағы 908 аула жарықтандырылды. Биыл бұл жұмыстар толық аяқталады.
Халық игілігіне бағытталған нақты жұмыстар
Жамбыл облысында инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жұмыстар өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға нақты әсер етіп отыр. Газ, жылу, жарық, жол және тұрғын үй салаларындағы жүйелі жобалар облыстың тұрақты дамуына негіз қалап, жайлы өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруда.