Жамбыл ауданы әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын тұрақты сақтап келеді. Әкімшілік шекаралардың өзгеруі мен елді мекендер санының қысқаруына қарамастан, аудан инвестиция көлемін арттырып, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салаларын дамытып отыр. Бұл туралы аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы мәлімдеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бүгінде аудан құрамында 51,2 мың халқы бар 31 елді мекен бар. Экономикалық белсенді халық саны – 31,5 мың адам.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 4,1 пайызға өсіп, 44,5 миллиард теңгеге жетті. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 35,4 миллиард теңгені құрап, 75,3 пайызға артқан. Ауданда «Амангелді» ЖШС мұнай өңдеу зауыты, «Super-pharm» ЖШС және «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС секілді 12 өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді.
2025 жылы жалпы құны 1,8 миллиард теңгені құрайтын бес инвестициялық жоба іске асырылып, 71 жаңа жұмыс орны ашылды. Олардың қатарында «Ализа» ЖШС-нің сыйымдылығы 7000 тонналық көкөніс қоймасы, сүт өңдеу цехы, балық шаруашылықтары және Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автодәлізі бойындағы «Арзан Сити-3» жол бойы сервистік кешені бар.
2026 жылы ауданда жалпы құны 63 миллиард теңге болатын 12 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 258 жаңа жұмыс орны ашылады. Ірі жобалардың қатарында құны 14,5 миллиард теңгелік «Кнауф Гипс Тараз» зауытын кеңейту, «KEGOC» АҚ қосалқы станциясының құрылысы, Juru-Masdar компаниясының электр желісі мен «ГЭС Мырзатай» ЖШС-нің бу-газ қондырғылары зауытының құрылысы бар.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 56,5 миллиард теңгені құрады. Ауданда 51,9 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Нәтижесінде 244,1 мың тонна көкөніс, 26,9 мың тонна қант қызылшасы және 295,1 мың тонна мал азығы жиналды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 400 миллион теңгеге 56 жоба қаржыландырылды.
Ауданда тұрғын үй мәселесін шешу жұмыстары жалғасуда. 2025 жылы 31 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Әлеуметтік осал топтар үшін пәтерлер сатып алынып, жаңа тұрғын алқаптарында инженерлік инфрақұрылым тартылуда. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 2528 адам тұр.
Елді мекендерді сапалы ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары толық аяқталды. 2025 жылы аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен ішіндегі көшелер жөндеуден өтті. Жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 98,4 пайызға жетті.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 13,5 миллиард теңгені құрады. Ауданда мектептер, спорт кешендері, мәдениет үйлері, әкімшілік ғимараттар мен әлеуметтік нысандарды қоса алғанда, 25 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Білім беру саласында 2025 жылы екі мектеп пайдалануға берілсе, тағы екі мектеп 2026 жылы ашылады. Денсаулық сақтау саласында ауылдық медициналық инфрақұрылымды дамыту жалғасуда. Дегенмен, орталық аудандық ауруханаға 2,6 миллиард теңге көлемінде күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі өзекті мәселе болып отыр.
Ауданда спорт инфрақұрылымы да қарқынды дамуда. Соңғы жылдары бірнеше ауылда спорт кешендері салынды. Жыл басынан бері аудан спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 177 медаль жеңіп алды.
Жастар саясаты мен қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше назар аударылуда. Елді мекендерде бейнебақылау камералары мен хабарландыру жүйелері орнатылып, полиция нысандары жаңғыртылуда.
- Басты міндетіміз – тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайын жасау, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауданның экономикалық әлеуетін нығайту, - деді Ерлан Қыдыралыұлы.