Темірбек ауылдық округіне қарасты Тегістік ауылында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор әрі жерлесіміз Есжан Әміровтің шығармашылығына арналған «Ауыл – алтын бесігім» атты тағылымы мол шығармашылық кеш өтті. Ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптеген рухани шараға ауыл тұрғындары, өнерсүйер қауым және ән әлемінің жанкүйерлері көптеп жиналды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Кеш барысында көрермен қауым қазақ музыка өнерінде өзіндік орны бар сазгердің жүрекке жақын әндерін тыңдап, ерекше әсерге бөленді. «Ауылға арнау», «Анаға сағыныш», «Қасиеттің қайнары – Қаратауым», «Абзал жандар», «Қарағанды вальсі», «Есіл мен Нұра – егізім», «Махаббат періштесі», «Жалғыз аққу», «Ән болып жаралдың», «Ауыл – алтын бесігім», «Қыз жүрегі», «Зеренді вальсі», «Аққу қыз», «Туған ел түлектері», «Сері көңіл», «Қайран көңіл», «Қызыма», «Бауырым әнім», «Нұркеннің қырандары» секілді туындылар сахна төрінде шырқалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – композитордың өзі сахнаға көтеріліп, «Қазақтың баласымын» және «Ардагерлер» әндерін орындауы болды. Авторлық орындауда шырқалған әндер көрерменге ерекше әсер сыйлап, кештің мазмұнын тереңдете түсті.
Іс-шара барысында Есжан Әміровтің шығармашылық жолы мен мәдениет саласындағы елеулі еңбегі кеңінен сөз болды. Саналы ғұмырын ұлттық өнерді дамытуға арнаған сазгердің еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланған. Ол 2023 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен, 2021 жылы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың Алғыс хатымен марапатталған. Сонымен қатар, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерейтойлық медальдарының және Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісінің иегері.
Кеш соңында арнайы келген қонақтар сөз сөйлеп, Есжан Әміровтің қазақ мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесіне жоғары баға берді. Олардың қатарында аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов та болып, сазгерге ізгі тілегін жеткізді.
Сондай-ақ, өнер иесіне облыстық ардагерлер кеңесінің атынан арнайы сый-сияпат табысталды. Ал аудан әкімдігі атынан Рүстем Қасымов композиторға өңірдің рухани-мәдени дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті.
Ұлттық өнердің құндылығын ұлықтап, рухани сабақтастықты дәріптеген «Ауыл – алтын бесігім» шығармашылық кеші көрермен көңілінде ұзақ сақталатын тағылымды мәдени шаралардың бірі болды. Мұндай кездесулер туған жердің мәдени өмірін байытып қана қоймай, жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз.