Байзақ ауданы аграрлық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі саналады. Бүгінде аудан диқандары мен шаруалары дәстүрлі тәжірибені заманауи технологиялармен ұштастырып, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға басымдық беріп келеді. Су үнемдеу жүйелерін енгізу, техникалық жаңару, мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен инвестициялық жобалар – мұның барлығы ауданның агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Биылғы жылдың алғашқы бес айында ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 19,6 млрд теңгені құрады. Оның басым бөлігін – 19,4 млрд теңгені мал шаруашылығы өнімдері құраса, өсімдік шаруашылығының үлесі 199,4 млн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіштер Байзақ экономикасында аграрлық сектордың жетекші орынға ие екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Көктемгі дала жұмыстары да жоспарға сай аяқталды. Биыл аудан бойынша 58 мың гектардан астам егістік алқап игеріліп, өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі ұлғайды. Алқаптарға арпа, қант қызылшасы, көкөніс, картоп, жүгері, майлы дақылдар мен мал азықтық шөптер егілді. Әсіресе қант қызылшасы мен көкөніс өндірісін ұлғайтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл өңдеу өнеркәсібін дамытуға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары климаттың өзгеруі мен су тапшылығы ауыл шаруашылығы саласына жаңа талаптар қойып отыр. Осыған байланысты Байзақ ауданында су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қарқын алған. Бүгінде мұндай технологиялар 10 мың гектардан астам алқапта қолданылып келеді. Тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері, жерді лазерлік тегістеу әдістері су ресурстарын тиімді пайдаланып қана қоймай, өнімділікті арттыруға да ықпал етуде.
Материалдық-техникалық база да жаңарып келеді. Жыл басынан бері аудандағы 19 шаруашылық жалпы құны 536 млн теңгеден асатын 24 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Заманауи тракторлар мен комбайндардың пайдалануға берілуі көктемгі және күзгі науқандарды қысқа мерзімде әрі сапалы өткізуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдау бағдарламалары да ауыл кәсіпкерлерінің белсенділігін арттыруда. «Ауыл аманаты» жобасы аясында ондаған кәсіпкер өз ісін бастап, мал шаруашылығы, жылыжай, қайта өңдеу және басқа да бағыттар бойынша жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Сонымен қатар «Кең дала» бағдарламасы арқылы шаруашылықтарға көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге миллиардтаған теңге көлемінде қаржы бөлінді.
Алдағы жылдары агроөнеркәсіп саласында жаңа өндірістердің іске қосылуы жоспарланып отыр. Оның ішінде сүт өңдеу кәсіпорны, томат өндіру зауыты, халал ет өндірісі, балық шаруашылығы және құс фабрикасының құрылысы бар. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жол ашып, қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Байзақ ауданында ауыл шаруашылығы бүгінде тек өнім өндіретін сала ғана емес, инвестиция тартатын, инновация енгізетін және өңір экономикасын алға сүйрейтін негізгі күшке айналып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар мен шаруалардың еңбегі ұштасқан тұста ауданның аграрлық әлеуеті алдағы жылдары да арта түсетіні анық.