Тележүргізуші, жазушы әрі ақын Азамат Әбілқайыр Threads әлеуметтік желісінде білім саласына қатысты өз ойын білдіріп, қоғамда жиі қолданылып жүрген «бас ұстаз» атауына күмән келтірді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жақында Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алған ол бұл атаудың жай ғана сөз емес, терең тарихи әрі рухани мәні бар ұғым екенін атап өтті. Оның пікірінше, «бас ұстаз» деп кез келген қызмет иесін атай беру дұрыс емес, себебі мұндай мәртебе ұлттың білім жүйесіне үлкен өзгеріс әкелген, халықтың санасына әсер еткен ірі тұлғаларға ғана лайық.
Осы тұрғыда ол Ахмет Байтұрсынұлы, Құдайберген Жұбанов, Рәбиға Сыздықова, Серік Қирабаев секілді тарихи тұлғаларды мысалға келтіріп, дәл осындай деңгейдегі еңбегі бар жандар ғана бұл атаққа лайық екенін жеткізді.
Автордың ойынша, қазіргі қоғамда атақ пен мәртебені орынсыз үлестіру көбейіп кеткен. Сондықтан әрбір сөздің салмағына мән беріп, оны орнымен қолдану қажет.
Бұл пікір әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Бірқатар оқырман автордың уәжін қолдап, расында да кейде атақтың оңды-солды беріле салатынын айтты. Ал енді біреулері керісінше, министр немесе саланың басында тұрған адамды «бас ұстаз» деп атауда тұрған еш оғаштық жоқ деп есептейді. Олардың пікірінше, бұл атау ұстаз мәртебесін төмендетпейді, керісінше, көтере түседі.
Қалай болғанда да, бұл тақырып қоғамда атақ, мәртебе және олардың шынайы мәні туралы ойлануға себеп болғаны анық.