Желіде қазақстандық кәсіпкер Бақытбек Есентаевтың өзінен 20 жас кіші әйелге үйленгені туралы қауесет тараған болатын. Бұл ақпаратқа қатысты танымал продюсер Баян Алагөзова пікір білдірді. Ол бұл жайлы Qazaq Ordasy YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Продюсердің сөзінше, қыздары Айсәуле мен Айару әкелерімен жақсы қарым-қатынаста. Ол ешқашан балаларын әкесінен алыстатуға тырыспағанын атап өтті.
“Керісінше, әрдайым ‘Әкелеріңді сыйлаңдар, құрметтеңдер, ол – сендердің әкелерің’ деп айтып отырамын”, – деді Баян Алагөзова.
Өнер иесі желіде тараған ақпаратты көргенін де жасырмады. Оның айтуынша, бұл жаңалықты алғаш болып қызы хабарлаған.
“Қызым бұл ақпаратты көрген соң маған хабарласып: ‘Мама, көрдің бе?’ деп сұрады. Мен ‘Иә, көрдім, қазір біреуден біреуге тарайтын дүниелер көп қой’ деп жауап бердім”, – дейді ол.
Кейін қызы әкесіне хабарласып, мән-жайды анықтаған. Бақытбек Есентаев бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізген. Оның айтуынша, әлеуметтік желіде тараған сурет бірнеше жыл бұрын біреудің тойында түсірілген. Ал жанындағы әйел – кездейсоқ бірге түскен адам ғана.
Сонымен қатар, Баян Алагөзова бұрынғы күйеуі бақытты болып жатса, тек қуанатынын жеткізді.
“Әр адам өз өмірінде таңдауын өзі жасайды. Бірақ сол таңдауды жасамас бұрын, оның болашаққа қалай әсер ететінін ойлаған жөн. Өйткені бәріміздің тілегіміз бір – сүйікті болып, бақытты өмір сүру”, – деді продюсер.
Айта кетейік, Баян Алагөзова мен Бақытбек Есентаев 20 жылдан астам уақыт бірге өмір сүрген. 2016 жылы орын алған қайғылы оқиғадан кейін олардың жолы екіге айырылды. Сол жылы сот шешімімен Есентаев 9 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Кейін, 2022 жылы жазасының бір бөлігін өтеп, мерзімінен бұрын босап шыққан.