Қазақстандық продюсер Баян Алагөзова әйгілі «Қыз Жібек» фильміндегі тарихи камзолдың қайта жаңғыртылған нұсқасын көпшілік назарына ұсынды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Продюсердің айтуынша, ұлттық киім түпнұсқаға барынша жақын етіп тігілген. Оның әрбір бөлшегі мұқият зерттеліп, тарихи үлгіге сәйкес қайта жасалған.
«Камзолым өзіме қайта оралды. Енді ол расымен менікі – түпнұсқаның дәл көшірмесі. Біз «Қыз Жібек» киім үлгісін насихаттағымыз келеді. Бұл камзолдың заманауи киімдермен де үйлесетіні қуантады», – деді Баян Алагөзова.
Тарихи киімді қайта жаңғырту жұмыстарын белгілі дизайнер Аида Кауменова бастаған. Оның айтуынша, түпнұсқаның ерекшелігін сақтау үшін әрбір детальға ерекше назар аударылған.
Мамандар күзен терісінің түрінен бастап, матаның түсі мен кестесіне дейін түпнұсқаға барынша жақындатуға тырысқан. Тіпті тарихи әсерді сақтау үшін мата арнайы өңдеуден өткізіліп, жеңіл винтаждық реңк берілген.
Жоба аясында тек камзол ғана емес, тарихи үлгідегі тағы бір көйлек те қайта тігілген. Қазіргі уақытта соңғы өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық аяқталғаннан кейін ұлттық киімдер көпшілікке таныстырылады.
Айта кетейік, «Қыз Жібек» фильмі қазақ киносының алтын қорына енген туындылардың бірі саналады. Фильмдегі костюмдердің авторы – әйгілі суретші Гүлфайруз Исмайылова.