Танымал әнші әрі музыкалық продюсер Бағым Мұхитденова соңғы уақытта қоғамда қызу талқыланып жатқан Мөлдір Әуелбековаға қатысты жағдай жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Өнер иесі бұл туралы Revue News-ке берген сұхбатында айтып, өзі де ұзақ уақыттан бері психологиялық ем қабылдап жүргенін жеткізді.
Бағым Мұхитденова бұл жайында көпшілікке жария еткісі келмегенін, алайда қазір емнің нәтижесін көріп отырғанын атап өтті.
«Баян Мақсатқызы айтқан сөздің жаны бар. Ұзақ уақыттан бері ем алып жүргенімді көпшілікке жариялағым келмеген еді. Емнің нәтижесін көріп, толық сауығып кетемін деп үміттенемін», – деді ол.
Әншінің бұл мәлімдемесі желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр. Көпшілік өнер иесіне қолдау білдіріп, тезірек сауығып кетуіне тілектестік танытуда.
Еске салайық, бұған дейін әнші Мөлдір Әуелбекова «КешYou» тобының концертіне қатыспайтынын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, бұл шешім шығармашылық өміріндегі маңызды кезеңнің аяқталуына байланысты қабылданған.
Ал топтың продюсері Баян Алагөзова әншінің бұл шешіміне қатысты пікір білдіріп, оны сатқындыққа балаған еді. Осыдан кейін аталған мәселе әлеуметтік желілерде кеңінен талқылана бастады.