Контентке өту

Байзақ ауданы инвестициялық серпіннің жаңа кезеңіне қадам басты

Байзақ ауданы инвестициялық серпіннің жаңа кезеңіне қадам басты

Соңғы жылдары Жамбыл облысының Байзақ ауданы өндіріс пен инвестиция тарту бағытында тұрақты даму көрсетіп келеді. Экономиканың әртүрлі саласында қолға алынған жаңа жобалар ауданның өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беруде. Бұл Мемлекет басшысы айқындаған өңірлік экономиканы әртараптандыру және кәсіпкерлікті қолдау саясатының нақты нәтижесі деуге болады, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Биылғы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша ауданның жалпы шығарылған өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,3 пайызға өсіп, өнеркәсіп өндірісі 4 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар аудан экономикасына 4,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өңірдің инвесторлар үшін тартымдылығы артып келе жатқанын аңғартады.

Өткен жылы жалпы құны 12,8 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба іске қосылып, 230 тұрақты жұмыс орны ашылды. Олардың қатарында кірпіш, шыны өңдеу, әк өндіру зауыттары, құс фабрикасын кеңейту, сүт-тауарлы ферма мен көкөніс сақтау қоймасы сияқты өндірістер бар. Бұл жобалар аудан экономикасының бір ғана ауыл шаруашылығына тәуелді болмай, өңдеу өнеркәсібінің де қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Инвестициялық белсенділік мұнымен шектелмейді. Биыл аудан аумағында жалпы құны 33 млрд теңгені құрайтын тағы 14 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 374 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал 2027–2028 жылдары іске асырылатын ірі жобалардың жалпы құны 158,6 млрд теңгеден асады. Олардың қатарында Түркияның Safi Çorum компаниясы жүзеге асыруды жоспарлаған қант зауыты, сұйытылған табиғи газ өндіретін кешен және жаңа құс фабрикасының құрылысы бар. Бұл жобалар тек Байзақ ауданы үшін ғана емес, бүкіл Жамбыл облысының индустриялық әлеуетін күшейтуге ықпал етпек.

Шағын және орта бизнестің де дамуы оң серпін көрсетуде. Бүгінде ауданда 8 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп, 12 мыңнан астам адамды еңбекпен қамтып отыр. Бұл экономикалық белсенді халықтың бестен бірінен астамын құрайды. Биылдың өзінде кәсіпкерлерге қаржы институттары арқылы 1,8 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген.

Экономиканы әртараптандыру, жаңа өндірістерді іске қосу және кәсіпкерлікті қолдау арқылы Байзақ ауданы өңірдегі инвестициялық өсімнің маңызды орталықтарының біріне айналып келеді. Бұл үрдіс алдағы жылдары да жалғасып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты