Контентке өту

Байзақ ауданында дарынды оқушылармен «OPEN TALK» кездесуі өтті

Байзақ ауданында дарынды оқушылармен «OPEN TALK» кездесуі өтті
ашық дерек

Байзақ ауданында аудан әкімі Олжас Баққараевтың дарынды оқушылармен «OPEN TALK» атты еркін форматтағы кездесуі өтті. Тағылымды шара Сарыкемер ауылындағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының мәжіліс залында ұйымдастырылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Кездесудің мақсаты – жастардың ой-өрісін кеңейту, олардың бастамалары мен тың идеяларын қолдау, білім мен шығармашылыққа қызығушылығын арттыру және тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.

Жиын барысында аудан әкімі оқушылармен ашық пікір алмасып, білім мен еңбектің табысқа жетудегі маңызын атап өтті. Сондай-ақ жастарды биік мақсат қоя білуге, үздіксіз ізденуге және ауданның дамуына өз үлестерін қосуға шақырды.

Іс-шара аясында «1 минут – 1 идея» бөлімі ұйымдастырылып, оқушылар өз жобаларын таныстырды. №1 мектеп-гимназиясының оқушысы гидропоника әдісі арқылы өсімдіктерді топырақсыз өсіру жобасын ұсынып, ауыл шаруашылығындағы заманауи технологиялардың тиімділігіне тоқталды. Ал Көркем сурет балалар мектебінің 6-сынып оқушысы Рашид Айкүміс «ART Doll – шығармашылық шеберханасы» жобасын таныстырып, ұлттық өнер мен шығармашылық бағытындағы бастамаларын ортаға салды.

Кездесуде шығармашыл жастар да өз өнерлерін көрсетті. Республикалық байқаулардың жеңімпазы Боранбек Батырхан ақын Маралтай Райымбекұлының «Мұхамбетті растау» өлеңін мәнерлеп оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар республикалық байқаулардың бас жүлдегері Ахмет Каусар Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Шараның негізгі бөлігі болған «OPEN TALK» алаңында оқушылар аудан әкіміне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ашық форматта пікір алмасты. Жастар мамандық таңдау, жетістікке жету жолдары және ауданның болашағына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

Кездесу соңында белсенділік танытып, үздік жобаларымен ерекшеленген дарынды оқушылар мен олардың жетекші ұстаздары аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Іс-шара жастардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін қолдауға бағытталған маңызды алаңға айналды.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты