Байзақ ауданының әкімі аудан аумағындағы бірқатар шағын және орта бизнес нысандарын аралап, олардың қызметімен танысты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Сапардың негізгі мақсаты – жергілікті өндіріс орындарының әлеуетін бағалау, кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдау және мемлекеттік қолдау бағдарламаларының жүзеге асырылу барысын зерделеу болды
Аралау барысында аудан басшысы кәсіпкерлік нысандардың материалдық-техникалық базасын, өндіріс үдерісін және шығарылатын өнімдердің сапасын назарға алды. Сонымен қатар кәсіпорындарда жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі мен еңбек жағдайлары қарастырылды.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өндіріс көлемін ұлғайтуға қатысты жоспарларымен бөлісіп, өзекті мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді. Аудан әкімі олардың бастамаларына қолдау білдіріп, бизнесті дамыту бағытында мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.
– Біздің мақсатымыз – бизнес өкілдеріне кедергі келтіру емес, керісінше олардың жұмысын ілгерілетуге қолдау көрсету. Байзақ ауданы экономикасының тірегі – кәсіпкерлер. Сондықтан оларға қажетті инфрақұрылымдық және құқықтық қолдау көрсету әрдайым басты назарда болады, – деді аудан басшысы.
Жұмыс сапарының қорытындысында кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатыны атап өтілді.
Айта кетейік, аудан экономикасының дамуына серпін беретін кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар Байзақ ауданында жүйелі түрде жүргізілуде.