1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Байзақ ауданындағы Орталық саябақта «Бақытты балалық шақ» атты кең ауқымды мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мерекелік шараға аудан тұрғындары, ата-аналар мен бүлдіршіндер қатысып, көтеріңкі көңіл-күйде бас қосты. Іс-шара балалардың орындауындағы «Бақыт деген сенің бала күндерің» биімен ашылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Жиын барысында Байзақ ауданының әкімі сөз сөйлеп, барлық бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады. Ол балалардың сапалы білім алып, саналы тәрбие көруі елдің жарқын болашағының кепілі екенін атап өтіп, жас ұрпаққа ақжарма тілегін арнады.
Мереке аясында асфальтқа сурет салу байқауының жеңімпаздары марапатталып, белсенді қатысқан балаларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ауданның қосымша білім беру ұйымдары мен өнер ұжымдарының тәрбиеленушілері өз өнерлерін паш етті. Балалар мен жасөспірімдер орталығының, Өнер мектебінің, Кенен Әзірбаев атындағы саз мектебінің және Н.К. Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның оқушылары ән айтып, би билеп, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Шара барысында ұлттық ойындар, асық ату, эстафеталық жарыстар және түрлі танымдық ойындар ұйымдастырылды. Балалар өздерінің шығармашылық қабілеттері мен өнерлерін көрсетіп, мерекені ерекше әсермен өткізді.
Балалар күлкісі мен шаттыққа толы бұл күн Байзақ ауданындағы бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйлап, олардың жарқын болашағына деген сенімді нығайтты.