Өңірдің тұрақты дамуы ең алдымен тұрғындардың өмір сүру сапасымен өлшенеді. Соңғы жылдары Байзақ ауданында дәл осы бағытқа басымдық беріліп, тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және ауылдардың келбетін жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынды. Нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар көптеген жоба кезең-кезеңімен жүзеге асып, халықтың күнделікті тұрмысына оң әсерін тигізіп келеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Тұрғындарды баспанамен қамту – аудан әкімдігі жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Мемлекеттік бағдарламалар аясында өткен жылы жалпы құны 3,8 млрд теңгеге 236 кредиттік және жалға берілетін пәтер сатып алынып, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға «Отбасы банк» арқылы ұсынылды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, республикалық бюджет есебінен тағы 30 пәтер сатып алу үшін қаржы бөлінді. Қазіргі таңда оның басым бөлігі бойынша келісімшарттар жасалып, сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да аудан соңғы жылдары айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Бүгінде Байзақ ауданындағы барлық 40 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Бұл – ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Қазіргі уақытта Дихан ауылында ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары басталса, Құмжота, Сарыкемер және Мәдімар ауылдарында жаңа жобалар әзірленіп жатыр.
Газдандыру мәселесі де толық шешімін тапқан өңірлердің қатарында. Аудандағы барлық елді мекен табиғи газ желісіне қосылған. Дегенмен бірнеше ондаған жыл бұрын салынған газ құбырларының тозуына байланысты алдағы екі жылда газ жүйесін кешенді жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл әсіресе қыс мезгіліндегі газ қысымын тұрақтандырып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Электр желілерін жаңарту да кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Биыл Сарыкемер ауылында ондаған қосалқы станция мен әуе желілерін жаңарту жұмыстары басталды. Сонымен қатар Түймекент ауылдық округінде жаңа энергетикалық инфрақұрылым салынуда. Бұл жаңа тұрғын алқаптарын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жол сапасын жақсарту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Өткен жылы аудандық және ауылішілік ондаған шақырым жол орташа жөндеуден өтіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі айтарлықтай артты. Алдағы екі жылда тағы 50-ден астам көшені жөндеу жоспарланған. Бұл ауылдар арасындағы қатынасты жеңілдетіп қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Байзақ ауданында қолға алынған әлеуметтік жобалар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ұзақмерзімді саясаттың нақты нәтижесі екенін аңғартады. Баспаналы болған отбасылардың көбеюі, сапалы ауыз су, жаңартылған жолдар мен инженерлік желілер – ауданның бүгінгі жетістігі ғана емес, болашақ дамуының да берік негізі болып отыр.