Танымал қазақстандық актер Берік Айтжанов әлеуметтік желіде жастық шағындағы фотосын жариялап, көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Өнер иесі Instagram парақшасында 20 жасындағы суретін бөлісіп, сол кездегі өзіне арнап әсерлі жазба қалдырған.
«Асықпа. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Кейде жолың тым ұзақ болып көрінеді, кейде бәрінен шаршайсың. Бірақ дәл сол қиындықтар сені шыңдайды», – деп жазды актер.
Сондай-ақ ол адамдардың сөзіне емес, жүректегі арманға сену керектігін айтып, өнердегі ең маңызды қасиеттердің бірі шынайылық пен сабыр екенін атап өтті.
«Бір күні сен армандаған рөлдер де келеді, өзіңді түсінетін көрермен де табылады. Тек жолдан тайма», – деді ол.
Актердің жазбасы желі қолданушылары арасында жылы пікірлерге ие болды. Оқырмандар оның ой-толғамына қолдау білдіріп, әсерлі жазба екенін атап өтті.
Сонымен қатар, әлеуметтік желіде актердің жастық шағындағы келбеті де қызу талқыланды. Кейбір қолданушылар оның сыртқы бейнесін шетелдік актерлерге ұқсатқан.
«Басында Болливуд актері деп ойлап қалдым»,
«Бразилиялық жігітке ұқсайды»,
«Үнді актерлеріне келесіз», – деп жазды пікір білдірушілер.
Ал енді бір оқырмандар актердің келбетін жоғары бағалап, оны әлемдік кино жұлдыздарымен салыстырған.
«Қазақтың Рассел Кроуысыз»,
«Қазақ киносының ең сымбатты актерлерінің бірі»,
«Көшпенділердегі Әбілмансұрға ұқсайсыз», – деген пікірлер де жазылды.