Фишер шахматы форматындағы Women’s Exhibition Match кездесуінде шахматшылар 25+10 уақыт бақылауымен төрт партия өткізді. Соның екеуінде Бибісара басым түсіп, матч қорытындысы 2,5:1,5 есебімен оның пайдасына шешілді. Жалпы жүлде қоры 15 мың долларды (шамамен 7,5 млн теңге) құрады.
Бибісара Асаубаева – Қазақстан тарихында блиц шахматтан үш мәрте әлем чемпионы атанған алғашқы шахматшы. Ол 2025 жылдың соңында үшінші рет әлем чемпионатын жеңіп алып, ерекше жетістікке қол жеткізді.
Аталған әлемдік жеңіс қазақстандық шахматшыға шахмат тәжіне үміткерлер турниріне қатысу мүмкіндігін берді. Бұл дода 28 наурыз бен 16 сәуір аралығында өтеді.