Әнші Төреғали Төреәлінің қарындасы Дина Төреәлі әлеуметтік желідегі жазбасымен көпшілікті ойландырды. Үш баланың анасы декреттегі өмірдің сырт көзге көрінбейтін тұстарын ашық айтып, әйелдерге үндеу жасады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ол ана болу тек бақыт пен қуаныштан тұрмайтынын, оның артында үлкен жауапкершілік пен тынымсыз еңбек жатқанын атап өтті. Декрет кезеңін ол өзін жоғалтып, қайта жинайтын күрделі кезең ретінде сипаттайды. Әйел адам бұл уақытта бір мезетте ана, жар, үйдің ұйытқысы бола отырып, өз-өзін де ұмытпауға тырысатынын жеткізді.
Дина Төреәлінің айтуынша, қоғамда әйелдерге «бәріне үлгеру керек» деген талап жиі қойылады. Алайда ол бұл көзқараспен келіспейтінін білдіріп, нәзік жандылардың да шаршайтынын, қолдау мен түсіністікке мұқтаж екенін айтты.
«Біз мықты емеспіз – біз де әлсізбіз. Бізге де махаббат, көңіл, қолдау керек», – деген ойы көпшіліктің жүрегіне жетіп, желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды.
Айта кетейік, Дина Төреәлі жақында ғана үшінші сәбиін дүниеге әкеліп, екі ұлдан кейін қызды болған еді. Оның бұл жазбасы қазіргі аналардың ішкі күйін дөп басқан пікір ретінде бағаланып жатыр.