Қазақстандық әнші Еркеш Хасен ажырасудан кейін алғаш рет жеке өміріне қатысты пікір білдірді. Өнер иесі бұл туралы Ai-qai подкастында айтып, не себепті осы уақытқа дейін үнсіз қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Әншінің айтуынша, сол кезеңде ол жеке мәселесін көпшілік алдында талқылауды дұрыс деп санамаған. Оның басты себебі – болашақта қызының әкесін камера алдында жылап отырған күйде көрмеуін қалағаны.
«Біз тек жаман күндерді бірге өткізген жоқпыз. Жақсы сәттеріміз де болды. Сондықтан кетерде арқасына пышақ тығып кеткім келмейді», – деді Еркеш Хасен.
Сондай-ақ әнші бұрынғы жарына қатысты жағымсыз пікір айтудан әдейі бас тартқанын жеткізді. Оның сөзінше, отбасылық өмірде жақсы естеліктер де аз болмаған.
Подкаст барысында Еркеш Хасен әлеуметтік желідегі сын мен хейттің психологиялық тұрғыдан ауыр әсер ететінін де жасырмады. Ол мұндай қысымға төтеп беру оңай емес екенін атап өтті.
Еске салайық, биыл жыл басында Еркеш Хасеннің жеке өміріне қатысты түрлі ақпарат тарап, әлеуметтік желілерде қызу талқыланған болатын. Алайда әнші осы уақытқа дейін жағдайға қатысты ашық пікір білдірмеген еді.