«Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясының екінші кезеңіне қатысқан Павлодар облысындағы «Болашақтың қайнары» еріктілер қозғалысының мүшелері қазақстандықтарды Су ресурстары және ирригация министрлігі ұйымдастырған бұлақтар мен су айдындарының жағалауын тазарту акциясына белсенді қатысуға үндеді.
«Біз, Павлодар облысындағы «Болашақтың қайнары» еріктілер қозғалысының мүшелері Жамбыл облысының еріктілерінен эстафетаны қабылдап, Су ресурстары және ирригация министрлігі ұйымдастырған «Мөлдір бұлақ» акциясына қатыстық. Су – тіршіліктің негізі. Әрбір бұлақтың тазалығы – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Бүгін біз табиғатты қорғауға өз үлесімізді қосып қана қоймай, қоғамға үлгі болуға да тырыстық. Енді осы игі бастаманы жалғастыру үшін эстафетаны Қазақстанның барлық тұрғындарына жолдаймыз!», – деді жастар қозғалысының мүшелері Алуа Зупар мен Жүсіпбек Абляш.
«Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясының екінші кезеңі аясындағы іс-шаралар Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында бір мезгілде өтті. Акция барысында 58 бұлақ пен 35 су нысанының аумағы тазартылды.
Республикалық экологиялық акцияның екінші кезеңіне бір мезгілде 11 мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары, «Қазсушар» РМК филиалдарының қызметкерлері, бассейндік инспекциялардың өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, сондай-ақ ақсақалдар, еріктілер мен студенттер болды.
Еске салсақ, су саласындағы алғашқы «Болашақтың қайнары» еріктілер қозғалысы «Мөлдір бұлақ» акциясының алғашқы кезеңі аясында Жамбыл облысында құрылған болатын. Қозғалыс құрамына Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттері енді. Қазіргі таңда «Болашақтың қайнары» еріктілер қозғалысы Қазақстанның өзге өңірлерінде де жұмысын жалғастырып келеді.
«Болашақтың қайнары» еріктілері қазақстандықтарды «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясын қолдауға шақырды