Бота Мия есімімен танымал қазақстандық блогер Бота Нұрақын әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Оған оңтүстіккореялық видеограф Wei авторлық құқықты бұзды деген айып тақты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Видеографтың айтуынша, дау тудырған бейнероликті жасауға шамамен 60 сағат уақыт кеткен. Ол видеоны жасанды интеллект көмегінсіз түсіріп, толық монтаждағанын мәлімдеді.
Алайда Wei-дің сөзінше, кейін бұл контент рұқсатсыз қолданылып, жасанды интеллект арқылы өңделген күйде жарнамалық роликте пайдаланылған. Сондай-ақ ол өз дауысының да өзгертіліп қолданылғанын айтты.
Видеограф мәселе автор ретінде көрсетілмеуінде емес, еңбегінің коммерциялық мақсатта рұқсатсыз пайдаланылғанында екенін атап өтті.
Даудан кейін Бота Мия тарапынан ресми түсініктеме немесе кешірім жарияланбаған.
Осы жағдайдан соң әлеуметтік желі қолданушылары екіге бөлінді. Бірі авторлық құқықтың сақталуын талап етсе, енді бірі блогердің әрекетін этикаға қайшы деп бағалауда. Кейбір қолданушылар мұндай даудың Бота Мияның қатысуымен алғаш рет туындап отырмағанын да еске салды.
Қазіргі уақытта бұл оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, халықаралық деңгейдегі авторлық құқық мәселесіне қатысты пікірталасқа ұласуда.