Кәсіпкерлік қызметте бақылау-касса машиналарын пайдалану талаптарын сақтау – маңызды міндеттердің бірі. Соның ішінде сатып алушыға фискалдық чек бермеу немесе нақты төленген сомадан өзгеше сомаға чек шығару заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 284-бабында БКМ чегін немесе тауар чегін бермеу, сондай-ақ нақты төленген сомадан артық немесе кем сомаға чек беру жағдайларына қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Алғаш рет құқық бұзушылық жасалған жағдайда ескерту жасалады. Ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай айыппұл салынуы мүмкін.
Бұдан бөлек, фискалдық чек бермеу фактілері кәсіпкер үшін қосымша бақылау шараларына да негіз болуы ықтимал.
Атап айтқанда, ҚР Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 31 қазандағы №659 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес, өтініш берушілердің шағымдары бойынша фискалдық чекті бермеудің екі және одан да көп расталған фактісінің болуы хронометраждық зерттеп-қарау жүргізу туралы шешім қабылдау кезінде ескерілетін негіздердің бірі ретінде көрсетілген.
Бұл ретте кез келген хабарлама емес, расталған фактілер мен тиісті шағымдар негізге алынатынына назар аударылады.
Осыған байланысты Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпкерлер арасында түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Соның бірі – «Кәсіпкердің күші — адалдықта, тұтынушының сенімі — фискалдық чекте» жобасы.
Жоба аясында кәсіпкерлермен кездесулер өткізу, сауда орындары мен базарларда түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдар жариялау және тұтынушыларға фискалдық чек алудың маңызын түсіндіру жоспарланған. Мақсат – кәсіпкерлерді жазалау емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу, салықтық сауаттылықты арттыру және заң талаптарын сақтауға жауапты көзқарас қалыптастыру.
Фискалдық чекті уақтылы беру – кәсіпкердің заң алдындағы міндеті ғана емес, тұтынушыға деген жауапкершіліктің де бір көрінісі.