Контентке өту

Цифрлық қауіпсіздік: «Қазфосфат» өндірісте ЖИ-бақылауды енгізуде

Цифрлық қауіпсіздік: «Қазфосфат» өндірісте ЖИ-бақылауды енгізуде

Өнеркәсіпке жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жол картасына қатысушылар алғашқы нәтижелерін көрсетуде, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Атап айтқанда, Тараз қаласындағы «Қазфосфат» компаниясының минералды тыңайтқыштар зауытында өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыруға арналған AI Safety Control жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми сайтында хабарланды.

«Қазфосфат» – ТМД мен Еуропадағы фосфор тыңайтқыштарын өндіретін ірі компаниялардың бірі. Кәсіпорындарда геологтар мен кеншілерден бастап химия өндірісінің мамандарына дейін үш мыңнан астам адам еңбек етеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша соңғы 32 жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, 1,4 миллион тонна фосфорит ұны өндірілді. Мұндай ауқымды кәсіпорын үшін өндірістік қауіпсіздік әрдайым басты басымдық болып қала береді.

Жол картасын іске асыру аясында зауытта интеллектуалды бейнебақылау жүйесі енгізілді. AI Safety Control нақты уақыт режимінде бейнеағынды талдап, қауіпсіздік техникасының бұзылуын анықтайды. Атап айтқанда, жасанды интеллект жұмысшыларда жеке қорғаныс құралдарының (каска, қорғаныш көзілдірігі, арнайы киім) болмауын, тыйым салынған аймақтарға кіруді немесе қауіпті аумақтарда болуды тіркейді.

– Жаңа жүйе өндірістегі оқыс оқиғалардың алдын алып, өндірістік жарақаттануды азайтуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде кәсіпорында қауіпсіздік пен еңбек тәртібі деңгейі артты, – деп атап өтті кәсіпорын өкілдері.

Жобаны іске асыру үшін ЖИ жүйесі қолданыстағы бейнебақылау инфрақұрылымымен біріктіріліп, бейнеағындарды автоматты түрде талдау процесі іске қосылды. Пилоттық пайдалану кезеңінің өзінде жүйе алғашқы нәтижелерін көрсетуде: қауіпсіздік талаптарының бұзылуы автоматты түрде тіркеліп, тыйым салынған аймақтарға кіру мен виртуалды қауіпсіздік шекараларын кесіп өту сияқты бірқатар бақылау сценарийлері автоматты режимде тиімді жұмыс істеуде.

Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, пилоттық жобаның тәжірибесі болашақта жасанды интеллект технологияларын компанияның басқа өндірістік алаңдарында кеңінен енгізуге мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, Тараз қаласында күкірт қышқылын өндіретін зауыттың құрылысы мен Жаңатас қаласында моноаммонийфосфат өндіру кәсіпорнын іске қосу сияқты ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жағдайында аса өзекті.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты