Танымал журналист Дана Нұржігіт әлеуметтік желідегі парақшасында нағашы ағасы Хасан Ормановтың өмірден өткенін хабарлап, әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Журналист марқұм ағасының өзінің балалық шағымен тығыз байланысты жан болғанын айтып, оның өмір жолын еске алды.
«Хасан нағашым… балалығымның куәсі… Әскерден келгені, үйленгені, атамның шаңырағына ие болып, ауыл интеллигенциясының, ардагерінің алды болып, зейнетке шыққанына бір ай ғана болған еді…
5 сәуір күні ғана мерейтойын өткізіп… Соңғы көрген қуанышы екен ғой!» – деп жазды Дана Нұржігіт.
Сондай-ақ ол туған-туыстарына көңіл айтып, нағашы ағасына деген сағынышын жеткізді.
«Нағашы ауылым қара жамылды… Кімді іздеп, кімге еркелеп барып, жиендік жасап, мауқымды басам?! Диханкөл ауылының жұртын өнерімен сусындатқан аңқылдаған ағамның аруағы қолдасын! Өнерлі ұрпағына, жары Гүлзипа жеңгеме, нағашы жұртыма қайғырып көңіл айтамын! Алдыңнан жарылқасын, Хасеке!» – деді журналист.