Қазақстандық жас футболшы Дастан Сәтпаев халықаралық деңгейде мойындалып, әлемдегі ең үздік жас таланттардың қатарына кірді. Алматылық «Қайрат» клубының шабуылшысы NXGN 2026 рейтингісінде 43-орынға орналасты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Сәтпаев – Қазақстан футболының жаңа буыны арасынан жарқырап шыққан ойыншылардың бірі. Ол өзінің нәтижелі ойынымен ел футболына деген көзқарасты өзгертуге жақын. Небәрі 17 жастағы шабуылшының ойыны шетелдік клубтардың да назарын аударған.
Ақпаратқа сәйкес, лондондық «Челси» клубы жас футболшыға қызығушылық танытып, оны өз құрамына қосу бағытында келісім жасаған. Трансфер құны шамамен 4 миллион еуроға бағалануда.
Сәтпаевтың жетістіктері мұнымен шектелмейді. Ол УЕФА Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас ойыншылардың бірі саналады. Бұл көрсеткіш бойынша тек Ансу Фати мен Ламин Ямаль ғана алда тұр.
Сонымен қатар, ол Қазақстан ұлттық құрамасы тарихындағы ең жас дебютант әрі ең жас гол авторы ретінде де тіркелген.
2025 жылғы Қазақстан чемпионатында Дастан Сәтпаев жоғары нәтижелілік танытып, 14 гол соғып, 7 нәтижелі пас берген. Сарапшылар оның ойын стилін аргентиналық шабуылшы Серхио Агуэроға ұқсатады.
Айта кетейік, Goal нұсқасы бойынша әлемнің ең үздік жас футболшылары рейтингісінде алғашқы үштікті «Барселона» ойыншысы Ламин Ямаль, «Челси» клубының өкілі Эстеван және тағы бір каталондық команда қорғаушысы Пау Кубарси бастап тұр.
Мамандар енді қазақстандық шабуылшының жаңа деңгейге өтіп, еуропалық футболда өзін қалай көрсететінін қызығушылықпен күтіп отыр.