ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік желіде қызу талқыланған әйелінің туған күніне арналған құттықтауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бұл туралы депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.
«Құттықтау 5 мамырда болған еді. Кейбір хейтерлер неге соңғы екі күн қатты шулап кетті? Сайлау жақындап келе жатқаны ғой деп топшыладым. Міне, көк папкаға қатысты сұрақтардың бәріне жауап бердім деп ойлаймын», — деп жазды ол.
Сондай-ақ депутат көпшіліктің сынына жауап беріп, бұл құттықтаудың жеке форматта өткенін атап өтті.
«Мені жерден алып, жерге салып жатқандарға қайталап жазайын, бұл менің жеке құттықтауым. Парламенттің ресми құттықтауы ЕМЕС! Басшылардың қойып берген мөрі де, қолы да жоқ. Әрі ол мемлекеттік шара немесе Парламенттің отырысында жасалмады. Отбасылық достармен өткен жиында, жұмыс уақыты біткен уақытта құттықтадым», — деді Дәулет Мұқаев.
Сөз соңында ол қоғамды болмашы нәрсені ушықтырмауға шақырды.
«Қысқасы, түймедей нәрсені түйедей етпей, барымызды бағалай білейік! Ps: видео үшін смарт көзілдірігіне рақмет», — деп түйіндеді депутат.