Контентке өту

Димаш Құдайберген мен Виктория Булееваның арасындағы химия көпті тәнті етті

Димаш Құдайберген мен Виктория Булееваның арасындағы химия көпті тәнті етті
ашық дерек

Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген тағы да халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді, деп хабарлайды baq-orda.kz.

18 сәуір күні Будапешт қаласындағы MVM Dome сахнасында өткен Virtuosos жобасы аясындағы концертте әлемдік музыка жұлдыздары бас қосты. Кештің басты қонақтары – аңызға айналған испан опера әншісі Пласидо Доминго мен Димаш Құдайберген болды.

Концерт барысында Пласидо Доминго классикалық шығармаларды орындап, көрерменге жоғары деңгейдегі өнер сыйлады. Ал Димаш әртүрлі жанрдағы туындыларды шеберлікпен жеткізіп, тыңдарманды тәнті етті. Ол “Махаббат бер маған”, “Ұмытылмас күн”, “Дүрдараз” әндерін орындап, “Stranger” композициясында қобыз үні арқылы ұлттық реңк қосты. Сонымен қатар, The Show Must Go On шығармасын ерекше драматизммен ұсынды.

Музыкалық кеш толық симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтті. Оркестрге Лист пен Барток атындағы сыйлықтардың лауреаты, дирижер Петер Пейцик жетекшілік етті.

Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – Димаш пен Пласидо Домингоның O Sole Mio композициясын бірге орындауы болды. Бұл дуэт көрерменге ерекше эмоция сыйлап, залды тәнті етті.

Сондай-ақ концерттің шарықтау шегі ретінде Димаш Құдайберген мен украиналық әнші, “Голос Казахстана” жобасының қатысушысы Виктория Булеева дуэт орындады. Олар атақты The Phantom of the Opera әнін шырқап, еуропалық көрерменнің зор қошеметіне ие болды.

Виктория Булеева бұл сәтті көптен күткенін айтып, Димашпен бір сахнада өнер көрсету арманы болғанын жасырмады.

“Бұл шығарма мен үшін өте ерекше. Оны бұрыннан орындаймын. Бірақ дәл Димашпен бірге айту – мен үшін жаңа деңгей, жаңа қырынан ашылу болды”, – деді ол.

Кеш соңында Пласидо Доминго, Димаш Құдайберген, Елена Дудочкина және Пласидо Доминго кіші бірігіп, Besame Mucho композициясын квартет ретінде орындады.

Бұл кеш Будапешттегі мыңдаған көрерменге ұмытылмас әсер сыйлап, Димаштың әлемдік сахнадағы беделін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты