Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің анасы, әнші Светлана Айтбаева болашақ келіні туралы ойын ортаға салды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Өнер иесінің айтуынша, кез келген отбасының берекесі – өзара түсіністік пен сыйластықтан басталады. Сондықтан ол ұлының өмірлік серігі ең алдымен ақылды, тәрбиелі, білімді әрі адал жан болғанын қалайтынын жеткізді. Сондай-ақ, жастардың бір-бірін шынайы түсініп, қолдау көрсетуі басты құндылық екенін атап өтті.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді ғой. Көпшіліктің тілегі қабыл болсын. Біз де сондай бір қуанышты сәтті күтіп жүрміз. Ең бастысы – бір-бірін түсінетін, сыйлайтын, саналы жар жолықса екен», – деді әнші.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген – қазақ өнерін әлемдік деңгейге шығарған талант иесі. Ол 1994 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Толық аты – Дінмұхаммед Қанатұлы Құдайберген.
Өнерлі отбасында тәрбиеленген Димаш бала кезінен сахнаға жақын болды. Бес жасынан бастап түрлі байқауларға қатысып, ерекше дауысымен көзге түсті. Оның дауыс диапазоны бірнеше октаваны қамтиды, бұл оны әлемдік деңгейдегі сирек вокалистердің қатарына қосады.
Халықаралық танымалдығы Славян базары байқауындағы жеңістен кейін арта түсті. Кейін Қытайдағы Singer жобасына қатысып, миллиондаған көрерменнің ықыласына бөленді.
Бүгінде әнші әлемнің түрлі сахналарында өнер көрсетіп, қазақ мәдениетін кеңінен насихаттап жүр. Оның жанкүйерлері өздерін “Dears” деп атап, ерекше құрмет көрсетеді. Димаштың еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы да көпшілікке үлгі болып келеді.
Осылайша, өнерлі отбасы үшін басты тілек – ұлына лайықты жар жолығып, шаңырақта сыйластық пен түсіністік орнауы.