Контентке өту

Донорлар – басқаларға өмір сыйлайтын адамдар

Донорлар – басқаларға өмір сыйлайтын адамдар

Жыл сайын 14 маусымда әлем жұртшылығы Дүниежүзілік қан доноры күнін атап өтеді. Бұл күн – ешқандай сыйақы күтпестен, өз еркімен қан тапсырып, өзгенің өмірін сақтап қалуға үлес қосатын жандарға құрмет көрсету күні. Донорлық – адамгершілік пен жанашырлықтың, азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі.

Қан – жасанды түрде өндірілмейтін, тек адамнан адамға берілетін ерекше биологиялық ресурс. Сондықтан донорлардың көмегі көптеген науқастар үшін өмір мен өлімнің арасындағы шешуші факторға айналады. Жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге, күрделі операция жасалатын пациенттерге, онкологиялық және гематологиялық аурулармен күресіп жүрген жандарға күн сайын донорлық қан қажет.

Дүниежүзілік қан доноры күні – қан тапсыру арқылы мыңдаған адамның өмірін сақтап жүрген азаматтарға алғыс айтудың маңызды мүмкіндігі. Сонымен қатар бұл күн қоғам назарын донорлық мәдениетті дамытуға, тұрақты әрі қауіпсіз қан қорын қалыптастыруға аударуға бағытталған.

Қазақстанда донорлық қозғалыс жылдан-жылға қарқын алып келеді. Бүгінде көптеген азаматтар донорлықты тек медициналық рәсім емес, қоғам алдындағы маңызды азаматтық міндет ретінде қабылдайды. 2025 жылдың соңына қарай елімізде 255 255 рет қан және оның компоненттерін тапсыру тіркелуі халықтың әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары екенін және қан қызметінің тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.

Донорлық қозғалыстың дамуына тұрақты донорлардың қосып отырған үлесі ерекше. Өз өмірінде 40 рет және одан көп қан тапсырған азаматтар «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталып, Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың алғыс хаттарына ие болады. Сонымен қатар белсенді донорлардың еңбегі қан орталықтарының арнайы алғыс хаттарымен де бағаланады.

Қан тапсыру – көп уақытты талап етпейтін, бірақ біреудің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін ізгі іс. Бір донордың қаны бірнеше адамның өміріне араша болуы мүмкін. Сондықтан донорлық мәдениетті дамыту – дені сау қоғам қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі.

Дүниежүзілік қан доноры күні қарсаңында барлық донорларға шынайы алғыс білдіре отырып, әрбір азаматты осы игі бастамаға үлес қосуға шақыру маңызды. Өйткені донор болу – өмір сыйлау деген сөз.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты