Ай бойы Қазақстанның түрлі өңірлерінде қысқы, ұлттық және жазғы спорт түрлері бойынша республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылады. Алматы қаласында шаңғымен тұғырдан секіруден жастар арасындағы жазғы кубок өтсе, ұлттық спорт түрлері бойынша көкпар, асық ату, жамбы ату, теңге ілу және қазақ күресінен ел чемпионаттары мен халықаралық турнирлер жоспарланған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Сонымен қатар, жазғы спорт түрлері де кеңінен қамтылған. Алматы, Талдықорған, Қарағанды, Тараз және Өскемен қалаларында таеквондо, регби, садақ ату, көркем жүзу, спорттық құзға өрмелеу, жүзу, күрес түрлері және бадминтон бойынша жарыстар өтеді. Бұдан бөлек, Жамбыл облысында ауыл спорт мектептері командалары арасында футболдан ел чемпионаты, ал Тараз қаласында көгалдағы хоккейден ерлер мен әйелдер арасындағы республикалық біріншілік ұйымдастырылады.
Аталған жарыстар спортты дамытуға, жас спортшыларды қолдауға және еліміздің спорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.