Контентке өту

Елордада жас жол инспекторларының байқауы өтті

Елордада жас жол инспекторларының байқауы өтті

Елордадағы №90 мектеп базасында "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында жас жол инспекторларының қалалық байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Іс-шараның басты мақсаты — жазғы демалыс қарсаңында балалар арасындағы жол-көлік жарақаттарының алдын алу, сондай-ақ оқушылардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұру мәдениетін қалыптастыру болды.

Бұл жолы полицейлер дәстүрлі дәрістерден гөрі интерактивті тәсілге басымдық берді. Оқушылар жол қозғалысы ережелерін ойын және сайыс форматында меңгеріп, күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайларды талдап, дұрыс шешім қабылдау дағдыларын жетілдірді.

Профилактикалық жұмыстарға да ерекше көңіл бөлінуде. Балалардың ақпараттық сауаттылығын арттыру мақсатында әлеуметтік желілер, бейнероликтер және көрнекі материалдар секілді заманауи құралдар кеңінен қолданылуда. Сонымен қатар мектеп маңдарында, әсіресе ауысым уақытында және сабақ аяқталғаннан кейін полиция қызметкерлерінің кезекшілігі күшейтілген.

Байқау да осы бағыттағы маңызды шаралардың біріне айналды. Қызықты әрі тартымды формат оқушыларға жол қозғалысы ережелерін тереңірек меңгеруге және жолдағы қауіпсіздіктің маңызын түсінуге мүмкіндік берді.

Сайысқа қаладағы жеті мектептің командалары қатысты. Қатысушылар жол қозғалысы ережелері бойынша білімдерін, зейінділіктерін және қауіпсіз жүріс-тұрыс машықтарын көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша №90 мектеп Гран-при иегері атанды. Бірінші орынды №16 мектеп жеңіп алса, екінші орынды №43 және №108 мектептері өзара бөлісті. Ал үшінші орын №42, №8 және №55 мектептеріне бұйырды.

Мұндай іс-шаралар балалардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттырып, жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын жарақаттардың алдын алуға ықпал етеді.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты