Әлемдік эстрада жұлдыздары – рэп орындаушы Eminem мен әнші Shakira 2026 жылы Алматы қаласында концерт беруі мүмкін, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, аталған ақпарат Қоғамдық кеңестің №5 комиссия отырысында айтылған. Жиын барысында «Спорттық нысандар дирекциясы» ЖШС бас директоры Есет Байтасов халықаралық гастрольдік тур аясында екі әлемдік жұлдыздың Алматыда өнер көрсету ықтималдығы бар екенін жеткізген.
Дегенмен, қазіргі уақытта бұл концерттерге қатысты нақты шешім қабылданбаған. Қала әкімдігінің мәліметінше, Eminem мен Shakira концерттерін өткізу жөнінде ресми келісімдер әлі жасалмаған.
– Аталған ақпарат тек таныстыру сипатында айтылды және концерттердің міндетті түрде өтетінін білдірмейді. Қазіргі таңда мәселе пысықталып жатыр. Күні мен орны да бекітілген жоқ. Барлық келіссөздер аяқталғаннан кейін ғана ресми ақпарат жарияланады, – деп хабарлады Алматы әкімдігі.
Осылайша, әзірге әлемдік жұлдыздардың Алматыға келуі мүмкін екені айтылғанымен, нақты ақпарат кейінірек белгілі болады.