Тараз қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Рәміздер рухы – Конституция күші» атты салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мерекелік іс-шараға облыс тұрғындары, ардагерлер, жастар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен мемлекеттік қызметшілер қатысты. Жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының орындалуымен басталып, қатысушылар көк Туымыздың көкте қалықтаған әсерлі көрінісіне куә болды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңір тұрғындарын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл мерекенің ел өміріндегі ерекше маңызын атап өтті.
Облыс әкімі өз сөзінде мемлекеттік рәміздер Тәуелсіз Қазақстанның егемендігі мен тұтастығын айқындайтын басты құндылықтардың бірі екенін айтты. Сондай-ақ Ту, Елтаңба және Әнұран халқымыздың бірлігі мен мемлекетіміздің мәртебесін білдіретін қасиетті нышандар екенін жеткізді.
– Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тарихы мен тағдырының, тәуелсіздігі мен болашағының символы. Оларды құрметтеу – әрбір азаматтың қасиетті парызы әрі Отанға деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі, – деді Ербол Қарашөкеев.
Іс-шара барысында патриоттық әндер орындалып, жастардың қатысуымен арнайы қойылымдар көрсетілді. Мерекелік бағдарлама елдік пен бірлікті дәріптеп, қатысушылардың бойында Отанға деген мақтаныш сезімін арттырды.
Айта кетейік, Мемлекеттік рәміздер күні елімізде жыл сайын 4 маусымда аталып өтеді. Бұл күн – қазақстандықтардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін нығайтып, тәуелсіз елдің басты нышандарын ұлықтайтын маңызды мерекелердің бірі.