Қазақстандық блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова ұзақ уақыттық үнсіздіктен кейін әлеуметтік желіге қайта оралды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Олар Instagram парақшасында жаңа жазба жариялап, соңғы айларда бастан өткерген қиын кезең туралы алғаш рет ашық айтты.
Блогерлердің сөзінше, соңғы бірнеше ай олардың отбасы үшін ауыр сынаққа толы болған. Осы уақыт аралығында олар сот процестерімен, күйзеліспен және жеке өмірдегі қиындықтармен бетпе-бет келген. Сол себепті әлеуметтік желідегі белсенділікті уақытша тоқтатуға мәжбүр болғандарын жеткізді.
“9 ай үнсіздік. 4 ай әлеуметтік желіден тыс өмір. Осы уақыт ішінде көп нәрсе болды: соттар, уайым, отбасымызбен бірге өткерген ауыр кезең. Бірақ бүгін біз қайта ораламыз. Жаңа күшпен, жаңа көзқараспен және осы уақыт бойы хат жазып, күткен, қолдау білдірген жандарға үлкен рақмет”, – деп жазды олар.
Желі қолданушылары блогерлердің бұл жазбасын жылы қабылдады. Пікір қалдырған оқырмандар олардың қайта оралғанына қуанышты екенін айтып, отбасыға қолдау білдірді. Көпшілік “бәрі артта қалсын”, “мықты болыңыздар”, “сіздерді күткен едік” деген сынды тілектерін жаудырған.
Еске сала кетейік, биыл 27 сәуірде Астана қаласының соты Ерболат Жанабыловқа заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері бойынша үкім шығарған болатын. Сот шешімімен ол 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді және пробациялық бақылау тағайындалды.
Ал Эльмира Төлегенова 2 жылға бас бостандығынан айырылғанымен, кәмелетке толмаған үш баласының болуына байланысты жаза өтеу мерзімі кейінге шегерілген еді.
Ұзақ уақыттан кейінгі бұл оралу блогерлердің оқырмандары арасында қызу талқыға түсіп, әлеуметтік желіде кеңінен тарала бастады.